ЗАҢДЫ БІЛУ – ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ҚОРҒАУ ЖОЛЫ

Бүгін Қазақстанның барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы бастау алды. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, оларға тегін әрі сапалы заң көмегін көрсету.

Қоғамдық маңызы зор бұл акцияға еліміздің беделді заңгерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың тәжірибелі мамандары белсенді түрде атсалысып жатыр. Олар ел азаматтарына құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріп, заңдық тұрғыдан қолдау көрсетуде.

Шымкент қаласында бұл игі бастама Арбат демалыс аймағында ұйымдастырылды. Іс-шараны қала әкімдігі, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және Әділет департаменті бірлесіп өткізуде. Қала тұрғындары үшін бұл – өзекті құқықтық мәселелерін кәсіби деңгейде шешуге таптырмас мүмкіндік.

Акция аясында 60-тан астам білікті маман – адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары және түрлі басқармалардың өкілдері — азаматтарды қабылдап, тегін консультациялар беруде.

Келушілер өздерін мазалаған сауалдарға нақты жауап алып, қажетті құқықтық ақпаратқа қанығуда. Көптеген тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер туралы ақпарат алуға ерекше қызығушылық танытты.

— Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар халық үшін өте маңызды. Әсіресе кәсіпкерлікке бет бұрғысы келетін азаматтарға жан-жақты ақпарат беріп, бағыт-бағдар ұсынып жатырмыз, – дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы Фатима Сариева.

Шара барысында тұрғындарға олардың құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен ақпарат берілді. Құқықтық сауаттылықты арттыру – қоғамның заңға деген сенімін нығайтып, әлеуметтік тұрақтылықтың берік негізін қалайды.

Осындай ашық форматтағы акциялар азаматтардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын арттырып, халықтың құқықтық тұрғыда қорғалуына оң әсер етуде.

Айта кету керек, 2016-2024 жылдар аралығында «Халық заңгері» акциясына 10 000-нан астам үздік заң сарапшысы мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдау құзыреті бар жетекші өкілдері қатысқан. Бұл жылдар ішінде 300 000-нан астам адам құқықтық көмек алып, өз мәселесіне қатысты нақты шешімдер тапқан.

Мұндай әлеуметтік бастамалар – халық пен мемлекет арасындағы сенімді көпір. Ал заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың ең басты қадамы.