МЕКТЕП ҰЖЫМЫНА МЕДИАЦИЯ МЕН ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Бүгінгі қоғамда еңбек адамының құқығын қорғау, дауларды бейбіт жолмен шешу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Осы орайда, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» жанындағы Татуласу орталығы мен Заң клиникасы Сайрам ауданындағы №20 Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-гимназияның ұжымымен кездесу өткізіп, маңызды құқықтық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұл іс-шара – медиацияның рөлін арттыру, еңбек дауларының алдын алу және кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Кездесуде мамандар «Медиацияға қандай істер бойынша жүгінуге болады?», «Медиацияның соттан айырмашылығы неде?» деген тақырыптар төңірегінде түсіндірме жасап, медиацияның еңбек, отбасылық, азаматтық және басқа да даулы жағдайларды тараптардың өзара келісімімен шешуге арналған бейбіт жол екенін, соттан тыс, ашық диалогқа негізделген, тез әрі қарапайым жол екенін, тараптардың жұмыс орнын сақтай отырып, дауды ушықтырмай шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Медиация туралы кеңінен мағлұмат алған ұжым мүшелері өзара пікір алмасып, сұрақтар қойды. Шара барысында Заң клиникасының мамандары мектеп қызметкерлеріне ҚР Еңбек кодексінің маңызды баптары, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы құқықтық міндеттемелер, еңбек шартын жасау, бұзу, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібі сынды мәселелерге қатысты жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кәсіподақ мүшелері еңбек демалысын рәсімдеу, артық жұмысқа ақы төлеу тәртібі, жұмыс орнын ауыстыруға байланысты міндеттер, жұмыс беруші тарапынан болатын қысым мен заңсыз шешімдерге қарсы әрекет ету тетіктері жөнінде сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Мамандар еңбек қатынастарында тараптардың тең құқылы екенін және әрбір жұмысшы құқықтық жағынан қорғалған болуға тиіс екенін баса айтты. Жиын барысында қатысушыларға Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы жанынан құрылған Татуластыру орталығы туралы кеңінен мәлімет берілді. Бұл орталық кәсіби медиаторлар арқылы еңбек жанжалдарын шешуге көмектеседі, тегін құқықтық кеңес береді. Ең бастысы – жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы дауды ушықтырмай, өзара түсіністікпен шешуге ықпал етеді. Осы арқылы сот процестерінің алдын алып, еңбек қатынастарының тұрақтылығына жол ашылады.
Сайрам ауданындағы мектеп ұжымымен өткен бұл кездесу – еңбек адамын заңмен қорғау, даулы жағдайларды келісім арқылы шешу және кәсіподақтардың нақты жұмыс атқарып отырғанының көрінісі. Мұндай түсіндіру шаралары – тек бір мекемемен шектелмей, бүкіл өңірге үлгі боларлық тәжірибе. Медиацияны насихаттау, еңбек заңнамасындағы құқықтар мен міндеттерді түсіндіру – бұл кәсіподақтардың қоғам алдындағы маңызды миссиясының бір бөлігі. Жүйелі әрі сапалы ұйымдастырылған бұл іс-шара соның нақты дәлелі.