ЕЛІМІЗДЕ АЛМА БАҒАСЫ НЕ СЕБЕПТІ ӨСТІ?

Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алма бағасының күрт өсуіне қатысты пікір айтты.

— Жаңа жылға дейін Қазақстанға жеткізілетін (алма) өнім импортына тыйым салдық. Бұл өз кезегінде алма өсіретін отандық тауар өндірушілерін қолдауға әсер етті. Олар былтырғы өнімін жақсы өткізді. Ал жаңа жылдан кейін бұл тыйымды алып тастадық. Осыдан кейін нарықта импортпен келген алма көптеп пайда болды. Былтыр отандық тауар өндірушілерді қолдаудың арқасында осы жылы елімізде алма алқаптары айтарлықтай артады деген сенімденіз, — деді С. Жұманғарин Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Қазақстан өзін толықтай алмамен қамтамасыз етуге қауқарлы.

— Дегенмен, дүкен сөрелерінде әртүрлі алма сұрыптары да керек. Сондықтан біз импорт өнімді де кіргізіп жатырмыз. Алманың бағасы әртүрлі сұрыптарға қатысты өзгеріп тұрады, — деді вице-премьер.