САЫРАҒАШТА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРУДЕ

44
0

Сарыағаш ауданы бүгінде әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша өңірлік даму үрдісінде алдыңғы қатарда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, мәдениет пен спорт саласын дамытуға және жастарға қолайлы жағдай жасауға негізделген. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тікелей бақылауымен қолға алынған жобалар елді мекендердің келбетін өзгертіп, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Жуырда әкім Тегісшіл ауылдық округіне арнайы барып, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл – тек бақылау шарасы емес, елді мекеннің даму жоспарын тиімді іске асырудағы жауапты қадамдардың бірі. Аудан басшысы алдымен Мәдениет елді мекенінде салынып жатқан 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысымен танысты. Қазіргі таңда бұл нысандардың іргетасы қаланып, кірпіш қалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаның сәтті аяқталуы ауыл тұрғындарының мәдени тыныс-тіршілігіне тың серпін бермек. Айта кетерлігі, бұл бастама Түркістан облысында өткен «Үлгілі ауыл» байқауының нәтижесіне тікелей байланысты. Аталған байқауда Тегісшіл ауылдық округі ІІ орын иеленіп, соның нәтижесінде бюджеттен 1 әлеуметтік нысан салуға арнайы қаржы бөлінген. Бұл – облыстық деңгейдегі жобалардың ауылға нақты пайда әкелетінін көрсететін сәтті мысал. Мәдениет үйі мен кітапхана ауыл жастарына, оқушылар мен оқырмандарға білім алуға, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл – ауыл мәдениетін жаңғырту мен рухани құндылықтарды сақтаудың тетігі.

Мәдениет нысандарымен қатар, әкім балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңының құрылысын да бақылап шықты. Қазір бұл жобаларға қажетті қаржы облыстық бюджеттен бөлініп, құрылыс алаңдарында жабдықтар орнатылуда. Спорт алаңшалары ауыл балалары мен жастарына салауатты өмір салтын ұстануға, дене шынықтырумен айналысуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл – тек ойын немесе демалыс орындары емес, балалар мен жасөспірімдердің тәртіпті, дені сау әрі белсенді азамат болып қалыптасуына жол ашатын маңызды әлеуметтік нысандар. Нысандарды аралау барысында аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, мерзімді және сапалы орындау міндетін нақты белгіледі. “Бюджет қаржысы – халықтың ақшасы. Әрбір тиынына дейін тиімді жұмсалып, сапалы нысанға айналуы тиіс. Мердігерлер сапа мен мерзім талабын қатаң сақтасын”, – деді Арман Абдуллаев. Бұл талап – жергілікті биліктің атқарушы органдары мен жеке құрылыс компаниялары арасындағы жауапкершілік пен өзара сенімге негізделген әріптестіктің көрінісі.

Сарыағаш ауданындағы әлеуметтік нысандардың көбейіп, ел игілігіне берілуі – мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде сәтті жүзеге асып жатқанының дәлелі. Ауылдық округтерге бағытталған мәдени, білім және спорт инфрақұрылымдары – ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететін ұзақмерзімді инвестициялар. Тегісшіл ауылдық округінде салынып жатқан мәдениет үйі, кітапхана мен балаларға арналған алаңшалар – жергілікті биліктің нақты әрі нәтижелі жұмысының көрсеткіші. Мұндай жобалар жалғасып, өңірдің барлық ауылдарын қамтыған сайын, Сарыағаштың әлеуеті арта түсетіні анық.