САУЛЫҚ САҚТЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

77
0

Саулық – сақтықта. Соңғы уақытта осы бір қағиданың маңызы айрықша артты. Жалпы көктем мезгілінде дәрумен тапшылығының айқын сезілері анық. Ал әлсіреген ағзаға ауру жұққыш келеді. Міне, осындай сәтте тұтынатын азық-түлікке айрықша назар аударған жөн. Қала берді, наурыз мейрамы келе жатыр. Көшеде сан түрлі тағам сатылады. Осындайда нені ескеру керек? Қандай тағамдардан аулақ болған жөн? Осы және өзге де сауалдарға Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов жауап берді. Баспасөз брифингінде айтылған негізгі тақырыптарға тоқталайық…

Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану объектілерінде ғана емес, мереке  күндері үй тағамдарынан да улану қаупі бар. Наурыз мерекесіне орай, алдын ала азық-түлік, оның ішінде әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер сатып алынады. Мереке күндері үйде тамақтан уланудың негізгі себептері – тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы, сондай-ақ сақтау мерзімінің  бұзылуы, тез бұзылатын тағамдардың тоңазытқышта сақталмауы .

Мереке күндері дастарханға үй жағдайында дайындалған консервіленген өнімдер қойылады. Егер көкөністер, саңырауқұлақтар консервілеу кезінде дұрыс жабылмай, консервілеу ережесі бұзылып дайындалған болса, ол өліммен аяқталатын қауіпті тамақтан улануды тудыруы мүмкін. Солардың бірі – ботулизм. Барлық ботулизм ауруы үй жағдайында дайындалған консервілерді қолданғаннан болады. Улануды болдырмау үшін, қолданар алдында 10-15 минут қайнатып жіберу қажет. Қақпағы көтерілген, түсі бұзылып, иісі шыққан банкілерді жедел  түрде жою қажет, тіпті дәмін де татуға болмайды. Мереке күндері алаңдарда, демалыс саябақтарында, көше бойларында тәтті мақта, қуырылған жүгері, құйылмалы квас, самса, бәліш, жұмсақ балмұздақ сататын белгіленген орны жоқ, рұқсатсыз сауда орындары пайда болады. Егер денсаулығыңызға зиян келтіргіңіз келмесе, мұндай сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмағаныңыз жөн.

Сондай-ақ Наурыз мерекесі кафе, мейрамхана және тойханаларда да тойланады, сонымен қатар Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының ұйымдастыруымен, 21-22 наурыз аралығында «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі қарсаңында Шымкент қаласының еліміздің гастрономиялық туризм орталығы ретінде имиджін қалыптастыру мақсатында Әл-Фараби алаңында «ДӘМДӘСTOUR-2» атты гастрономиялық жәрмеңкесі өткелі жатыр. Осыған орай, кәсіпкерлер мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу мақсатында санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударғаны жөн. Әсіресе,  қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсаты болуы, жеке бас гигиенасын сақтауы, азық-түліктердің қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуына және де тез бұзылатын өнімдердің тауарлық көршілестікті ескере отырып, тоңазытқышта сақталуына аса көңіл бөлінуі тиіс.

Тамақ өнімдерін таза пісіру, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді  таза жуу және өндірістік бақылау бағдарламасы міндетті түрде болуы қажет. Осы және өзге де маңызды сауалдарға жауап берген спикер бірқатар кеңестермен де бөлісті «Мереке қарсаңында тамақтан уланудың алдын алу үшін бірқатар кеңестерді ұсынамыз. Олар — жаңадан дайындалған тамаққа кешеден қалған тамақты араластырмау. Егер тамақ келесі күнге қалса, оны алдын ала қайнатып немесе қуырып жеу қажет. Егер өзіңіздің ауырғаныңызды сезінсеңіз (іш ауруы, өтуі, жүректің айнуы), отбасыңызға және қонақтарға тамақ дайындамаңыз. Көкөніс пен жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуыңыз, мүмкіндігінше  қайнаған сумен шаю қажет. Тамақ өнімдерін олардың жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтаңыз. Дайындалған тамақты бөлме температурасында 2 сағаттан артық қалдырмаңыз. Ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану қажет. Тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ уақыт бойы тамақ пен азық-түлікті сақтамаңыз. Үйде консервіленген өнімдерді базарлардан, белгісіз сауда орындарынан, көшеден  сатып алмаңыз».

Мереке күндері балалар мен жасөспірімдер бірінші кезекте жұмсақ балмұздақты тұтынады және сапасыз болған жағдайда өнімнен улану жағдайына алып келуі мүмкін. Шымкент қаласында 2018 жылы жұмсақ балмұздақтан жаппай улану жағдайы орын алып, көптеген адамдардың денсаулығына зиянын тигізді. Сол себепті, нысандарыңыздың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуын және бұзушылықтарға жол берілмеуін жіті қадағалау қажет.  Бұл – өте жауапты жағдай. Сонымен қатар жуу, тазалау және залалсыздандыру құралдарының болуына, пайдаланылуына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласымен жұмсақ балмұздақ сататын нысандарға тексеру тек арыз-шағым негізінде, оның үстіне дәлелді нақты фактілер болғанда ғана жүргізіледі.  Сондықтан тұрғындардан жұмсақ балмұздақты тұтынар алдында аса сақ болуды керек, өйткені мұндай өнімдер тез бұзылады. Жұмсақ балмұздақ сатып аларда, нысанның санитариялық жағдайы сізге ұнамаса немесе күдік туғызса, өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз жөн.  Жоғарыда көрсетілген талаптарды сақтау мереке күндерінде тамақтан уланудың алдын алады. Тағамнан улану  белгілері  пайда болған жағдайда,  дереу дәрігерге медициналық көмекке жүгіну  қажет  екенін есте сақтау керек!