«ҚАЗЫҒҰРТ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК ДРАЙВЕРІНЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында орналасқан «Қазығұрт» индустриалды аймағы өңірлік өндірістің жаңа белесін айқындап отыр. Мұнда мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің негізінде іске асып жатқан жобалар – тек экономиканы әртараптандыру ғана емес, жұмыс орындарын ашу, экспорттық әлеуетті арттыру және өңір халқының әл-ауқатын көтерудің нақты үлгісі.
Қазіргі уақытта бұл индустриалды аймақта жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалардың нәтижесінде 249 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі күні соның ішінде 4 жоба іске қосылып, 123 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жұмыс сапарымен Қазығұрт ауданына келіп, индустриалды аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Ол жауапты тұлғаларға инвесторлар тарту, жобаларды жылдам әрі сапалы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Билол» ЖК – болат шарлар өндіретін зауыт құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның қуаттылығы – жылына 5000-6000 тонна. Құрылысы 80% аяқталған, құрал-жабдықтар орнатылуда. «TIMUR.LES» ЖШС – жиһаз және жұмсақ полиуретанды көбік шығаратын зауыт салып жатыр. Өнім көлемі – жылына 10 000 дана жиһаз. «AGRO irrigation» ЖШС – су үнемдеуге арналған полиэтилен құбырларын шығару жобасын қолға алған. Инвестиция көлемі – 1,2 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 10 000 тонна. Аталған кәсіпорындар үшін жер телімдері рәсімделіп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл жобалар ауыл шаруашылығына қажетті технологиялар мен өңдеу саласын дамытуға бағытталған.
Индустриалды аймақта бұған дейін іске қосылған бірқатар табысты жобалар да өз тиімділігін көрсетіп отыр. «Көрік ШҚ» ЖШС – 2018 жылдан бастап алкогольсіз табиғи шырындар өндірісімен айналысуда. Қуаттылығы – жылына 1000 тонна. «CG Foods Central Asia» ЖШС – тез дайындалатын тағамдар өндірісін жолға қойған. Қуаттылығы – жылына 1100 тонна. 100 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдері Ресей мен Орта Азия елдеріне экспортталады. «Асыл.kz» ЖШС – автоматтандырылған ауыз су жүйесі мен капсула өндірісін іске қосқан. «Сабит» шаруа қожалығы – «Ағанай» су қоймасына 200 000 шабақ жіберіп, балық шаруашылығын дамытып отыр. Мұндай жобалардың басты артықшылығы – ауылдық өңірлерде жаңа жұмыс орындарының құрылуы мен жоғары технологиялардың енгізілуінде. Қазығұрт индустриалды аймағы осы тұрғыдан өңір экономикасының нақты даму нүктесіне айналып отыр. Көптеген жобалар өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын ұштастырып, экологиялық, технологиялық және экспорттық әлеуеті бар өнімдерді шығаруға бағытталған. Бұл – өңірдің экономикалық құрылымын жаңғыртудағы маңызды бетбұрыс.
Қазығұрт индустриалды аймағында атқарылып жатқан жұмыстар – Түркістан облысының индустриялық-инновациялық даму стратегиясының нақты көрінісі. Қазіргі таңда іске қосылып жатқан зауыттар мен өндіріс ошақтары – тек Қазығұрттың емес, бүкіл облыстың экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған. Бүгінде бұл аймақ инвестициялық орталыққа айналып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өңірлік ЖІӨ-ге үлес қосуда. Алдағы уақытта индустриалды аймақтың көлемі мен жобалар саны ұлғайса, Қазығұрт ауданы Оңтүстік Қазақстанның өндірістік тірегіне айналатыны сөзсіз.