ЖАҢА ЖОБАЛАР ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ СЕРПІЛІСКЕ СЕБЕП БОЛУЫ МҮМКІН

26
0

Түркістан облысы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризм салаларымен қатар индустрия мен жоғары технологиялық өндірістерді дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл үрдістің нақты айғағы – шетелдік инвесторлардың қатысуымен тікұшақтар мен дрондар шығаратын жаңа зауыттың ашылу ықтималдығы.

Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен шетелдік инвесторлар арасында өткен кездесуде 290 млн АҚШ долларына бағаланатын жоба бойынша келіссөздер жүргізілді. Егер бұл жоба сәтті жүзеге асса, Түркістан облысы тек аграрлық өңір ғана емес, жоғары технологиялық авиаөндіріс орталығына айналуы мүмкін. Өндіріс тек бүгіннің емес, болашақтың қажеттілігіне бағытталған. Инвесторлар ұсынған жоба — заманауи тікұшақтар мен жүк тасымалдайтын дрондарды өндіруге арналған кешен. Олар азаматтық және арнайы мақсаттарға арналған. Олар — ауыл шаруашылығы, логистика, туризм, инфрақұрылымды бақылау, жедел көмек қызметтері және қала ішіндегі әуе тасымалы және басқа да бағыттар. Жоба төменгі авиация экономикасының – яғни 3000 метрге дейінгі биіктікте ұшатын техниканың қарқынды дамып жатқан нарығына бағытталған. Бұл – әлемдік үрдістермен үндесіп жатқан, Қазақстан үшін жаңаша қадам.

Зауыт іске қосылған жағдайда 150 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Өңірлік өнеркәсіптің жаңа бағыты – авиаөндіріс пайда болады, Қосалқы салада жүздеген адам жұмыспен қамтылуы мүмкін (логистика, техникалық қызмет, оқу орталықтары, БПЛА қызметі және т.б.).  Аймақтық ЖІӨ артады, салық базасы кеңейеді. Жастарды жоғары технологияға бағыттайтын оқу-біліктілік кластерлері құрылуы мүмкін. Бұдан бөлек, зауыт өңірдегі инженерлік-техникалық мамандарды даярлау ісіне сұраныс туғызып, оқу орындары мен өндіріс арасындағы байланыс нығаяды.

Облыс әкімдігі зауытты орналастыру үшін индустриалды аймақтар мен Сауран ауданын қарастыруда. Өңірде бүгінде 15 индустриалды аймақ, 4000 гектарды қамтитын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін инвесторларға арналған платформа, салықтық жеңілдіктер, кедендік жеңілдіктер және қолайлы логистикалық желі бар. Бұл инфрақұрылым Түркістанды Қазақстандағы инвестиция үшін ең қолайлы өңірлердің біріне айналдырып отыр.

Соңғы онжылдықта әлемде дрон индустриясы мен жеңіл тікұшақтар нарығы қарқынды дамуда. Олар ауыл шаруашылығында — егістікті мониторингтеу, тыңайтқыш себу, зиянкеспен күрес, логистикада — тауар жеткізу, ТЖ қызметінде — бақылау және көмек көрсету, өнеркәсіпте — инфрақұрылымды тексеру мақсатында қолданылады. Осы бағытта қазақстандық өндірістің пайда болуы – сыртқы тәуелділікті азайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады. Бұл тек Түркістан емес, бүкіл ел экономикасына оң әсер етеді.

Жалпы соңғы үш жылда Түркістан облысында Қытай капиталы қатысқан 110 млн долларлық 4 жоба іске асты. Құны 1,1 млрд доллар болатын тағы 7 жоба дайындық немесе жүзеге асыру сатысында. Бұл – өңірге деген халықаралық сенімнің жоғары деңгейде екенін, ал әкімдіктің инвесторлармен ашық, нақты жұмыс жүргізіп отырғанын көрсетеді. Түркістан облысында тікұшақтар мен дрондар шығаратын зауыт салу жобасы – өңірлік индустрияның жаңа парағын ашатын тарихи мүмкіндік. Бұл жоба индустрияландырудың жаңа толқынына жол ашып, жергілікті кадрлар даярлау, экспорттық өндіріс қалыптастыру, озық технологияны меңгеру және жаңа жұмыс орындарын ашу секілді маңызды бағыттарды қамтиды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің «Бұл – жай ғана жоба емес, болашаққа жасалған қадам» деген сөзі, шын мәнінде Түркістанның технологиялық хаб ретінде қалыптасуға бет алғанын айғақтайды.