ТҮРКІСТАН ҚЫТАЙМЕН ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ӘРІПТЕСТІККЕ БЕТ БҰРДЫ

22
0

Түркістан облысы әкімінің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары өңірдің халықаралық инвестициялық серіктестігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров бастаған делегация Бейжің қаласында бірқатар стратегиялық кездесулер өткізіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, экология және жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.

Сапар барысында Түркістан облысының делегациясы Қытайдың ірі инвестициялық, сауда және логистикалық компанияларымен келіссөздер жүргізді. Әкімдік өкілдері мен қытайлық кәсіпкерлер арасында Түркістан өңірінің инфрақұрылымдық, аграрлық және индустриалды әлеуеті таныстырылып, серіктестікке шақырылды. «Біздің мақсат – заманауи өндірістерді іске қосу арқылы өңір халқының әл-ауқатын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, экспорттық бағыттағы жобаларды қолдау», – деді Нұралхан Көшеров кездесулер барысында. ҚХР-дың жетекші қалдық өңдеу компанияларының бірімен болған кездесуде Түркістанда тәулігіне 100 тонна қоқыс өңдейтін зауыт салу мәселесі көтерілді. Қалдықтарды энергияға айналдыратын бұл технология Түркістанда эко-индустриялық парктерді дамытуға жол ашады. Қала мен облыс тұрғындары үшін бұл — экологиялық жүктемені азайтып, ресурсты тиімді пайдаланудың тиімді жолы.

Қытайлық агроиндустриялық компаниялар Түркістан облысында қызыл шие (черешня) өсіру мен қайта өңдеу бойынша агропарк құруға қызығушылық танытты. Облыста бүгінде 100 гектарға жуық шие бағы бар, өткен жылы 1,5 тонна өнім жиналған. Инвесторлармен келіссөз барысында заманауи жеміс сақтау, сұрыптау және өңдеу желісін дамыту жолдары қарастырылды. Сонымен қатар, Сауран ауданында мақта өсіру, тоқыма өндірісі мен қайта өңдеуді біріктіретін кластерлік жоба талқыланды. Шаруалар су үнемдеу технологиясы – тамшылатып суару арқылы өнім көлемін арттырып, мақта талшығының сапасын жақсартып отыр. Бұл бастама – Түркістанда агроөнеркәсіп пен жеңіл өнеркәсіпті қатар дамыту арқылы ауыл шаруашылығын жоғары деңгейге көтерудің үлгісі. Жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды меморандумдарға қол қойылды. Келісімдер инвестициялық жобаларды қолдау, бірлескен кәсіпорындар ашу және тәжірибе алмасу бағыттарын қамтиды. Қытай тарапы Түркістан облысындағы бизнес климаттың ашықтығын ерекше атап өтті. Екіжақты кездесу барысында Қытай кәсіпкерлері өндіріс орындарын ашуға, технологиялар трансферіне және ұзақмерзімді серіктестікке дайын екенін білдірді.

Нұралхан Көшеров Түркістан облысының мүмкіндіктерін таныстыра отырып 15 индустриалды аймақ, 4000 гектарды қамтитын TURAN АЭА, шағын өнеркәсіптік парктер, мемлекеттік қолдау шаралары мен салықтық жеңілдіктер туралы айтты. Сонымен қатар, облыс басшысы Жібек жолы бойындағы географиялық артықшылықты пайдаланып, логистикалық хабқа айналуға толық мүмкіндік бар екенін атап өтті. «Сіздердің Түркістанға инвестициялық жобалармен келуге ниет білдірулеріңізге ризашылығымды білдіремін. Біз барлық инвесторларға толық қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді аймақ басшысы. Түркістан облысының Қытайға жұмыс сапары – өңірдің сыртқы экономикалық байланыстарының жаңа кезеңі. Келіссөздер мен қол қойылған меморандумдар — тек қағаз жүзіндегі келісім емес, болашақ нақты жобалардың бастауы. Энергия, экология, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп – әрқайсысы өңір экономикасына серпін беретін негізгі бағыттар. Қытайлық серіктестердің қызығушылығы мен Түркістан әкімдігінің ашықтығы — осы ынтымақтастықтың тұрақты әрі тиімді болуына жол ашады.