ТҮРКІСТАНДА КАПСУЛАЛЫ ҮЙЛЕР ҚҰРАСТЫРЫЛА БАСТАЙДЫ

Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытудың жаңа кезеңі басталды. Заманауи талаптарға сай, энергия үнемдейтін, мобильді құрылыс шешімдерін енгізу арқылы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жаңа жоба жүзеге асырыла бастады. Бұл бастама Түркістан облысы әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының ірі компаниясы – «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында орнаған стратегиялық әріптестіктің жемісі.
Бүгінде әлемде глэмпинг, экотуризм, жылжымалы кеңселер мен модульдік инфрақұрылым кең сұранысқа ие. Осы үрдіске сай капсулалы үйлер – технологиялық тұрғыдан дамыған, мобильді әрі экологиялық таза шешім болып табылады. «Shandong Kamoya» компаниясының «Camoya ғарыш капсуласы» концепциясына негізделген бұл үйлер жер телімін рәсімдеуді қажет етпейді, қоршаған ортаға зиянсыз, энергияны үнемдейтін технологияға негізделген. Заманауи интерьерге ие – панорамалық терезе, жатын бөлме, санитарлық торап, ас үй, кондиционер, «ақылды үй» жүйесі бар. 50 жылға дейін қызмет ету мерзімі бар. Мұндай үйлер кемпинг, глэмпинг, туристік кешен, көрме павильоны, зертхана, кеңсе, дала лагері сияқты әртүрлі мақсаттарға оңай бейімделеді. Технологияны Түркістанға трансферттеу жұмысы басталып кетті. Облыс әкімдігі мен «BNK GROUP LTD» ЖШС және «Shandong Kamoya» компаниясы арасында капсулалы үйлерді Түркістан облысында жинау және өндіру жөнінде келісімге қол қойылды. Алғашқы үйлер дайындалып, олар жақын арада Түркістандағы «KHAN TAU» демалыс аймағына жеткізіледі. Бұл жобаның туризмді дамытудағы рөлімен қатар, жергілікті өндірісті жандандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, инженерлік-техникалық әлеуетті дамыту бағытындағы маңызы да зор. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өндіріс орнын дамытуға барынша қолдау көрсетілетінін айтып, бұл жобаны өңірдің өндірістік, туристік және инфрақұрылымдық әлеуетін көтеретін ауқымды бастама деп атап өтті. «Түркістанда туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту бағытында мұндай технологиялардың маңызы зор. Біз сіздермен нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз», – деді әкім Линьи қаласында өткен кездесуде.
2023 жылдың желтоқсанында Түркістан облысының делегациясы Қытайға ресми сапар жасап, келіссөздер бастаған болатын. 2025 жылдың қаңтар айында қытайлық серіктестер Түркістанға келіп, өңірдің инвестициялық, логистикалық, кадрлық мүмкіндіктерімен танысты. Бұл келісімдердің нәтижесінде капсулалы үйлерді жергілікті жерде өндіру идеясы іске асырыла бастады. Жоба серіктесі болып отырған «Shandong Kamoya» компаниясы – Қытайдың өндірісі дамыған Шаньдун провинциясында, нақтырақ айтсақ, Линьи қаласында орналасқан. Шаньдун – Қытай экономикасының локомотивтерінің бірі. 2023 жылы аймақтың ЖІӨ көлемі 9 триллион юаньнан ($1,3 трлн) асып, елдегі алғашқы үштікке енді. Бұл өңір өнеркәсіп, экспорт, ғылым, көлік инфрақұрылымы бойынша жоғары қарқынмен дамып келеді. Сондықтан Түркістанның дәл осы аймақпен серіктестік орнатуы – стратегиялық таңдау.
Түркістан облысында капсулалы үйлердің өндірісі – бұл жай ғана құрылыс емес, бұл – туризм, технология, инвестиция және инновацияны тоғыстырған жобаның бастауы. Облыс басшылығының шетелдік технологияны жергілікті деңгейге икемдеп, нақты өндіріс пен экономикалық тиімділікке негіздеуі – өңірдің алдағы даму бағытын айқын көрсетеді. Бүгін басталған бұл жоба – ертең Түркістанды Орта Азиядағы заманауи, тұрақты және тартымды туристік орталыққа айналдыра алатын жаңа бетбұрыстың бастауы болмақ.