ТҮРКІСТАН – ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУДА

17
0

Түркістан – тарихи ғана емес, қазіргі таңда халықаралық туристік орталыққа айналып келе жатқан аймақ. Қасиетті Түркістанның рухани құндылықтары, көне мұралары мен заманауи инфрақұрылымы шетелдік және отандық саяхатшылар үшін тартымды бағытқа айналуда. Түркістан облысының әкімдігі осы әлеуетті тиімді пайдалану арқылы өңір экономикасын әртараптандыру, жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту және сервис сапасын арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов туризм нысандарын аралап, қонақүй және мейрамхана иелерімен кездесті. Еркін форматта өткен басқосу барысында саладағы өзекті мәселелер, қызмет көрсету сапасы, кадр тапшылығы және инфрақұрылымдық шектеулер егжей-тегжейлі талқыланды. «Бүгінде шетелден келушілер саны артып отыр. Бұл – өңірдің табысына, кәсіпкерлердің кірісіне тікелей әсер етеді. Ендігі мақсат – сапалы қызмет пен кәсіби кадрларды қалыптастыру», – деді Зұлпыхар Жолдасов. Оның айтуынша, әкімдік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, саланы дамытуға бағытталған жол картасын дайындап, тұрақты мониторинг жүргізуге ниетті. Түркістан қаласында бүгінде 68 қонақүй мен хостел, 160-қа жуық тамақтану орны жұмыс істейді. Олардың қатарында «Rixos Turkistan», «Karavansaray», «Ramada by Wyndham», «Hampton by Hilton» сынды халықаралық брендтер бар. Бұл – қала мәртебесінің өскенінің және халықаралық стандарттарға бейімделіп келе жатқанының нақты көрсеткіші. 2025 жылдың алғашқы төрт айында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 9,8 млрд теңгені құраған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Жыл соңына дейін іске асырылатын негізгі жобалар — «Lords Heir», «Khan Palace 2», «Yassy Hall and Apartments» секілді жаңа қонақүйлер, «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы, Күлтөбе қалашығын абаттандыру және тарихи туризмді дамыту жобасы. 2024 жылы 47 жаңа туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл – облыстың туризм картасына жаңа нүктелер қосуды және туристік ағынды үлғайтуға бағытталған нақты қадам.

Туризм – тек нысандар мен нысандардың саны емес, бұл – сапалы сервис. Осы тұрғыда арнайы зерттеу жүргізіліп, әлеуметтік желілер мен туристік платформалар арқылы туристердің пікірлері мен ұсыныстары сарапталған. Қорытындысында бірқатар түйткілді мәселелер анықталған — қызмет көрсету сапасы төмен деңгейде, гидтердің кәсіби біліктілігі жеткіліксіз, санитарлық-гигиеналық жағдайға байланысты ескертулер жиі кездеседі. Тиісті шаралар қабылданып, облыс әкімі бекіткен 2025–2027 жылдарға арналған туризмді дамыту жоспары аясында сервис стандарттарын енгізу, кадрлар даярлау, туристік объектілердің сапасын арттыру көзделуде.

Кездесуге қатысқан Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев өңірде арнайы туризм салалық кеңесі құрылғанын айтты. Кеңес құрамында 40-қа жуық кәсіпкер бар, олар өзекті мәселелерді тұрақты түрде көтеріп, шешу жолдарын ұсынады. Сонымен қатар, Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Карабаева сапаны арттыру үшін оқыту семинарлары мен тренингтер өткізуді ұсынды. Бұл бастама – туристік қызмет көрсету саласын кәсібилендіру үшін маңызды қадам. Жергілікті кәсіпкерлер де өз ұсыныстарын білдіріп, субсидиялау, кәріз жүйесі, білікті кадр тапшылығы секілді инфрақұрылымдық және әкімшілік кедергілерді шешуге қолдау сұрады. Әкімдік бұл ұсыныстарды назарға алып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Түркістан – өзін халықаралық деңгейдегі тарихи, рухани және туристік орталық ретінде бекемдеп келеді. Туризм саласының өсімі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, облыс халқының өмір сапасы мен өңірлік имидждің артуымен де байланысты. Өңір басшылығы, кәсіпкерлер, инвесторлар мен қауымдастықтар бірлесіп жұмыс істесе, Түркістан Орталық Азиядағы туристік ағынның басты бағыттарының бірі болуға толық әлеуетке ие.