ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 115 БІЛІМ МЕКЕМЕСІНЕ РЕНОВАЦИЯ ЖАСАЛМАҚ

Түркістан облысында 2025–2027 жылдар аралығында 115 мектепке кешенді жаңғырту (реновация) жүргізу жоспарланған. Бұл – ел Президентінің «Білім саласындағы теңсіздікті жою және білім сапасын көтеру» жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бағытындағы маңызды бастама. Аталған бастама аясында облыстың әр ауданындағы мектептер жаңартылады.
Соның бірі – Ордабасы ауданы, мұнда 5 мектеп реновация тізіміне енгізілді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауданға арнайы іссапармен барып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан екі мектептің құрылысымен танысты. Ордабасы ауданындағы ең ірі білім беру мекемелерінің бірі – Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы. Мектеп 1986 жылы салынған, 2 корпустан тұрады. Қазіргі уақытта 1600-ден астам оқушы білім алуда. Аталған мектеп бүгінге дейін бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы көтеріліп келген. 2025 жылы, жаңғырту бағдарламасы аясында 307 млн 732 мың теңге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстарын «Ecosintez» ЖШС жүргізуде. Облыс әкімінің орынбасары мектеп ішін аралап, құрылыс сапасына назар аударды. Ол жұмысшылар санын арттырып, жұмысты тамыз айының соңына дейін толық аяқтауды тапсырды.
Іссапар аясында Шұбарсу ауылындағы «Атамекен» жалпы білім беретін мектебі де назарға алынды. Бұл мектеп 2010 жылы пайдалануға берілген. Үш қабатты, бір корпустан тұрады. 600 орынға арналған, алайда қазіргі таңда екі ауысыммен 950 оқушы білім алуда. Мектепке жөндеу жүргізу үшін 185 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме – «Gold-ART» ЖШС. Бейсенбай Дәулетұлы бұл мектептің де ішкі және сыртқы жөндеу барысын қарап шығып, құрылыс жұмыстарының мерзімі мен сапасын басты назарда ұстау қажеттігін ескертті.
2025–2027 жылдарға жоспарланған мектеп реновациясы – тек ғимаратты жөндеумен шектелмейді. Бұл бастама материалдық-техникалық базаны жаңартуды қамтиды. Жиһаздар толық жаңартылады – парталар, шкафтар, оқушыларға арналған орындықтар. Арнайы модификацияланған пән кабинеттері (физика, химия, информатика, т.б.) жасақталады. Сыртқы спорт алаңшалары салынады немесе қайта жабдықталады. Мектептің IT-инфрақұрылымы күшейтіледі, яғни интернет, цифрлық құрылғылармен қамтамасыз етіледі. Бұл – ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығын азайтып, барлық балаға тең мүмкіндіктер ұсыну мақсатында қолға алынған кешенді шара. Жалпы, Түркістан облысындағы көптеген мектеп ғимараттары 1970–1990 жылдары салынған. Жөндеу көрмеген мектептерде қыста жылыту жүйесі нашар, спорт залы, зертханалық сыныптар, кітапханалар жеткіліксіз, санитарлық талаптар ескерілмеген. Реновация бағдарламасы осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Бұл бастама білім беру сапасын арттырып қана қоймай, педагогтер мен оқушылар үшін жайлы орта қалыптастыруды көздейді.
Бейсенбай Тәжібаевтің Ордабасы ауданына сапары – мектептерді жаңғырту жұмыстарының нақты бақылауда екенін көрсетті. Бұл тек әкімшілік тапсырма емес, білім саласының болашағы үшін қабылданған стратегиялық шешім. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің толықтай жаңартылып, оқушыларға заманауи және қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасалуы – Түркістан облысының білім беру саласын дамытудағы басым бағыттардың бірі.