«БИЗНЕС ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯНЫ ҚОРҒАУ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Түркістан облысында кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, бизнес пен инвестицияны қолдауға бағытталған ірі диалог алаңы өтті. Түркістан облысының прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Бизнес және инвестицияны қорғау» атты форум мемлекеттік құрылымдар мен жеке сектор арасындағы өзара сенімді нығайтты.

Іс-шараға өңірдің жетекші тұлғалары, құқық қорғау органдары, бақылаушы мемлекеттік құрылымдар, бизнес қауымдастық өкілдері мен инвесторлар қатысты. Форум кәсіпкерлік құқықтарын қорғау, өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту және әкімшілік кедергілерді жою мақсатында маңызды шешімдер алаңына айналды. Форум жұмысына қатысқан жоғары лауазымды тұлғалар қатарында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, 40-тан астам мемлекеттік орган мен басқармалардың өкілдері, 100-ге жуық кәсіпкер мен инвестор бар. Осындай кең құрам форумның маңыздылығын айқын көрсетіп, мемлекеттік деңгейде бизнеске деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын дәлелдеді.

Форум барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, бизнеске кедергі келтіретін жүйелі проблемаларды анықтау, уәкілетті органдармен бірлескен шешу жолдарын іздеу, инвестициялық жобаларды қолдау тетіктерін күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өз сөзінде кәсіпкерлікке қолдау көрсету – биліктің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, жергілікті билік тарапынан бизнеске барынша жағдай жасалатынын жеткізді. Форум аясында атқарылған жұмыстар туралы нақты деректер ұсынылды. Прокуратураның «Инвест-Караван 2025» акциясы аясында 3 көшпелі кездесу өткізіліп, 26 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілген. 6 инвесторға қатысты заңсыз шешімдер жойылған, 4 инвесторға қатысты негізсіз тексерулер тоқтатылған. Нәтижесінде 216 жеке кәсіпкердің және 6 инвестордың құқықтары қорғалды. Жалпы сомасы 79,7 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба бойынша кейстер шешімін тапты.

Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы 2024–2025 жылдың 5 айында 262 өтініш қабылдады. 4,7 млрд теңге көлеміндегі мүліктік құқықтар қорғалды. Сотта қаралған 57 істің 26-сы кәсіпкер пайдасына шешілді. Кеңесте көтерілген 34 мәселенің 191 ұсынысының 78%-ы орындалды. «Бизнеске жол» жобасы 30 отырыста 55 мәселе қаралып, 19-ы оң шешімін тапты. Бұл деректер – билік пен бизнес арасындағы серіктестіктің нақты мысалы, сондай-ақ кәсіпкерлердің шағымдары мен өтініштерінің назардан тыс қалмайтынын көрсетеді. Форум барысында көтерілген мәселелердің әрқайсысы уәкілетті органдарға бекітіліп, нақты бақылауға алынатын болды. Бұл – құр сөз емес, нақты нәтижеге бағытталған жоспарлы жұмыс. Мұндай форматтағы іс-шаралар кәсіпкерлердің сенімін арттырады, инвестициялық климатты жақсартады, әкімшілік кедергілерді азайтады, мемлекет пен бизнес арасында ашық диалог орнатуға жол ашады.

Түркістан облысы – өңірлік өнім көлемі, жұмыс күші, географиялық орналасуы және агроөнеркәсіптік әлеуеті бойынша республикадағы жетекші аймақтардың бірі. Соңғы жылдары бұл өңірге отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып отыр. Бизнеске жасалатын нақты қолдау, құқықтық қорған, жүйелі серіктестік – инвесторлар үшін шешуші фактор. Түркістанда бұл талаптар нақты іспен дәлелденуде. «Бизнес және инвестицияны қорғау» форумы Түркістан облысында кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеруге арналған маңызды диалог алаңы болды. Мемлекеттік құрылымдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл, ашықтық пен сенім — өңір экономикасының тұрақты дамуына бастар жол.