СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кедендік бекетінің маңында тарихи әрі стратегиялық маңызы жоғары кездесу өтті. ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков бастаған қазақстандық делегация Өзбекстан тарапының өкілдерімен бірге «Орта Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығын (ХӨКО) құру мәселесін кең көлемде талқылады.
Кездесудің басты мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік және сауда-экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру. Бұл ретте «Орта Азия» ХӨКО бірлескен өндіріс орындарын ашуға, өңірлік өндірістік тізбектерді интеграциялауға, шекара маңындағы экономикалық белсенділікті арттыруға, логистикалық әлеуетті дамытуға негіз болады. Халықаралық деңгейде жұмыс істейтін бұл орталық екі мемлекеттің сауда-өнеркәсіп кооперациясын институционалдық түрде біріктіру алаңына айналмақ. Кездесу барысында жобаны іске асыру үшін бөлінген жер телімі мен оның инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу мәселелері кеңінен қаралды. Нақты айтқанда жол қатынасы, электрмен жабдықтау, су жүйесі, табиғи газ тарту, телекоммуникация және интернет желісі секілді негізгі инженерлік инфрақұрылым жобалары пысықталды. Министр Арман Шаққалиев жауапты мекемелер мен жергілікті билікке инфрақұрылымды жедел әрі сапалы түрде дайындау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл – кооперациялық орталықты іске қосудағы түйінді фактор болып отыр.
Кооперациялық орталық тек мемлекетаралық ынтымақтастық алаңы ғана емес, инвестициялық жоба ретінде де маңызға ие. Осыған байланысты ХӨКО жобасына қатысуға ниет білдірген негізгі инвесторлармен келіссөздер жүргізілді. Инвесторларға қысқа мерзім ішінде нақты міндеттемелер мен техникалық талаптар ұсынылды. Өндірістік және логистикалық инфрақұрылым ғимараттарының жобалау және құрылыс мерзімдері нақтыланды. Бұл – жобаға жеке капитал мен технология тарту арқылы қаржылық тұрақтылық пен тәуекелді тиімді басқарудың үлгісі. «Орта Азия» халықаралық кооперация орталығының құрылуы Түркістан облысының индустриалды-инфрақұрылымдық әлеуетін арттырады, Мақтаарал ауданын шекаралық хабқа айналдырады, екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға, сауда-саттықты оңайлатуға мүмкіндік береді, жаңа жұмыс орындарын ашады, шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытуға серпін береді. Сондай-ақ, бұл жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық интеграция мен сенімнің жаңа деңгейін көрсетеді. Қос мемлекеттің логистикалық және өндірістік ресурстарын ұштастыру – бүкіл Орталық Азияның дамуына оң ықпал етеді.
Мұндай ірі жобалар екі елдің саяси ерік-жігерінсіз жүзеге аспасы анық. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің сауда-экономикалық байланысты нығайту бағытындағы бастамалары осындай стратегиялық жобалар арқылы нақты жүзеге асып жатыр. «Орта Азия ХӨКО – тек шекара маңындағы жоба емес. Бұл – Орталық Азиядағы экономикалық бірлікке бет алған стратегиялық бастама. Ол екі елдің де экономикасы мен халықтарының әл-ауқатына тікелей әсер ететін болады», – деп атап өтті кездесу барысында министр Арман Шаққалиев. Мақтаарал ауданындағы «Орта Азия» халықаралық кооперация орталығының құрылысы – тек Түркістан облысы үшін ғана емес, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық қатынастар үшін де жаңа кезеңнің бастауы. Бұл – болашақта трансшекаралық индустриялық аймақтарға жол ашатын үлгі жобалардың бірі. Орталықтың құрылуы арқылы Орталық Азия елдері арасында сауда кедергілері азайып, өндірістік өзара тәуелділік күшейіп, аймақтық экономикалық интеграция тереңдейді. Сонымен бірге, бұл жоба Түркістан облысын аймақтық сауда және кооперация хабына айналдыруға нақты серпін береді.