ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫ ҚЫС МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

97
0

Молшылық пен берекеге толы күз мезгілі де өтіп барады. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Ел-жұрт отынның қамына кірісіп үлгерген. Былтыр Шымкент қаласына қарасты бірнеше шағынауданда көгілдір отынға қатысты мәселе туындаған болатын. Биыл олардың дені шешімін тапты. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте жылу маусымына дайындық жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Сапалы электр жарығы мен табиғи газ тарту жұмыстары мықтап қолға алынған. Жүйелі жұмыстарды қала әкімі Мұрат Әйтеновтың өзі бақылап, қажет тапсырмаларды жүктеп келеді.

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен қыс маусымына дайындық жұмыстары турасында жиын өтті. Онда тиісті сала басшылары жылу маусымына дайындық жұмыстарын баяндады. Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, қазіргі уақытта үшінші мегаполисте 18 жылу қазандығы дайын тұр. Халыққа қажет көмір қоры да жеткілікті.  Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбековтың айтуынша, инфрақұрылым жүйелерінің жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Игілік, Жиделі және Сайрам тұрғын алаптарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан газ қысымын өлшеу жұмыстары және «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на қарасты су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары толық орындалған.

Қазіргі уақытта қалада сала мамандары жылу маусымына дайындық барысын тексеріп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, тұрғын үйлерді тексеру барысында Еңбекші ауданына қарасты Теріскей шағынауданындағы 2 тұрғын үйде және Әл-Фараби ауданына қарасты Ғ.Ильяев көшесіндегі 1, Түркістан көшесіндегі 1 тұрғын үйде дайындық жұмыстары жүргізілмеген. Бұл бойынша тиісті шаралар қабылданып, жұмыс атқарылуда.

Жиын соңында шаһар басшысы жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Атап айтар болсақ, жоғарыда аталған олқылықтардың орнын толтыру қажетін айтты. Сонымен қатар қыс маусымына дайындық жұмыстарын, оның ішінде жекеменшік электр қуатын тартатын кәсіпкерлердің қысқа дайындығын анықтау мен зерделеу бойынша комиссиялық топ құруды тапсырды. Бұдан бөлек, жүктелген міндеттемелердің орындалу барысы турасында ұдайы хабарлап тұру керегін айтты. Жалпы үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын, оның ішінде, инженерлік инфрақұрылым саласында қолға алынған бастамаларды қала әкімінің өзі тексеріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатқанын айта кету керек.