ЖЕТІСАЙ ИНДУСТРИАЛДЫ СЕРПІНГЕ БЕТ БҰРДЫ

Түркістан облысының оңтүстігіндегі Жетісай ауданы соңғы жылдары аграрлы аймақтан индустриалды өңірге айналу бағытында нақты қадамдар жасап келеді. Аудан әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалар аясында өнеркәсіптік әлеует артып, инвестициялық тартымдылық күшейіп, инфрақұрылым жаңарып, ауыл шаруашылығы заманауи технологиялармен толықтырылуда. Бұл өзгерістер өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінен айқын көрініс табуда.
Жетісай ауданында кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Асықата кентінен 59 гектар жер бөлініп, «Жетісай» индустриалды аймағы құрылды. Қазір бұл аймаққа инфрақұрылым тарту үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. 2025 жылға дейін бұл аумақта жалпы құны 33 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1 870 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде 4 жоба мақұлданып, инвесторлар құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Олар – өңдеу, қайта өңдеу және экологияға бағытталған өндірістер. Атап айтқанда, «TST Zhetysai Group» ЖШС – мақта өңдеу зауыты мен жіп иіру фабрикасы, «Агро Сүт» – сүт өңдеу зауыты, «Бирлик — Е» – мақта өңдеу кәсіпорны, «Altyn Kun Group» – полиэтилен қалдықтарын өңдеу және су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік бейінін қалыптастыруда, сондай-ақ импортты алмастыратын өндірістер ашуда маңызды рөл атқарады. 2024 жылдың І тоқсанында Жетісай ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 27,4 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 190,1 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Салыстырып қарасақ, 2023 жылы бұл көрсеткіш 184,1 млрд теңге болған, яғни жылдық өсім – 10 млрд теңге. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі де өсуде — 2023 жылы – 25,3 млрд теңге, 2024 жылы – 43,7 млрд теңге (өсім – 18,4 млрд теңге). Бұл – жеке және мемлекеттік капиталдың сенімі мен белсенділігінің нақты көрсеткіші.
Жетісай ауданы – облыстағы ауыл шаруашылығы өнімінің басым бөлігін өндіретін аудан. Биылғы маусымда 79,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 1,2 мың гектарға ерте пісетін қырыққабат егіліп, 40 мың тоннадан астам өнім жиналды. Қауын мен қарбыз өнімдері Ресей, Беларусь, Қырғызстан, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкент қалаларына жөнелтілуде. Ауданда 321 шаруа қожалығы 1,2 мың гектар жерден екі рет өнім алу жобасын қолға алған. Бұл – өнім көлемін еселеу мен экспорт әлеуетін күшейтуге арналған тың тәсіл. Ауданның инфрақұрылымын жаңарту бағытында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шешуші рөл атқарып отыр. 2024 жылы 15 елді мекенде 15 жоба іске асырылуда. Жалпы бюджет – 2,5 млрд теңге. Жобалар елді мекендерді газдандыру, жол жөндеу, мәдениет үйлерін жаңарту сынды бағыттарды қамтиды. Табиғи газбен қамту деңгейі бүгінде 81,9 пайыз болса, жыл соңына дейін 86,6 пайызға жетпек. Ауызсу мәселесі түбегейлі шешіліп, қамту көрсеткіші 100 пайыз деңгейіне жеткен.
Жетісай ауданындағы қазіргі даму қарқыны – аграрлы өңірдің индустриялық-логистикалық хабқа айналып келе жатқанын көрсетеді. Инвестициялық жобалар мен өнеркәсіп нысандары, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымдағы жаңғырулар – ауылдың жаңа экономикалық архитектурасын қалыптастыруға бағытталған. Жетісай – жаңғыру жолына түскен аудан. Ол тек өндірісті дамытып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын арттыруды, жастарға жұмыс орнын, бизнеске мүмкіндік ұсынуды басты бағдар етіп отыр.