ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ  – ҚАУІПСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ

113
0

Тазалық –  денсаулық кепілі екені бәріне аян. Ал қоршаған ортаның тазалығы – қоғам қауіпсіздігі. Ол түрлі жұқпалы аурулардың, тіпті пандемияға ұласып кететін дерттердің таралмауының алғышарты. Сондықтан да қай кезде болмасын жергілікті жердің санитарлық тазалығы үлкен мәнге ие. Түркістан қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды дер кезінде шығару бірізді, тиімді жоспар бойынша реттеледі.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникация бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған бөлімнің басшысы Ерсейіт Бұхарбаев Түркістан қаласының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» және «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізетінін мәлімдейді.

Өз кезегінде  «Түркістан Жарық Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде  311 қызметкер жұмыс істейді. Материалдық-техникалық жабдығы жасақталған. Жиыны
46 арнайы техникасы бар.

Ал  «ШымкентСпецкомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 250 қызметкер бар.  Мекемеде санитарлық жұмыстармен айналысатын 35 арнайы техника жұмыс атқарады.

Жалпы қала аумағында 845 шақырымды құрайтын, 875 көше бар. Оның ішінде, 787 көшеге санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіледі.

Қалған көшелер қаланың ең шеткі аумақтарында орналасқан. Үйлер толық салынбаған.  Өз кезегінде 787 көшенің 136 көшесі механикалық жолмен тазаланса, қалған 651 көшеге қолмен тазалау жұмыстары жүргізіледі. Санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілетін 787 көшенің 39 көшесі орталық маңызы бар көше болып саналады.

Түркістан қаласы санитарлық тазалығының сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айында «Түркістан Жарық Тазалық» мекемесі тарапынан «Шауғар» мөлтек ауданының 152 көшесін тазалау жұмыстарына «Марзия» ЖК және «Яссы» мөлтек аудандағы 144 көшесін тазалау жұмыстарына «Бағлан» ЖК тиісті келісім шарт негізінде кірісіп кетті.

Сонымен қатар  «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС тарапынан «Бекзат»  мөлтек ауданындағы 30 көшені, «Сауран» мөлтекауданындағы 54 көшені, «Отырар» мөлтекауданындағы 40 көшені, «Бірлік» мөлтекауданындағы 100 көшені тазалау жұмыстарына жеке кәсіпкермен келісім-шарт түзіліп тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі  бекітілген кестеге сәйкес «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС-мен «ШымкентСпецКомплекс» мекемелері қалада  1 кезектегі көшелерді күнделікті, екінші кезектегі көшелерді аптасына 2-3 рет, ал шеткі көшелерді жеке кәсіпкерлер тарапынан аптасына 1 рет тазалайды.