ҚАЗЫҒҰРТТА «ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ» АШЫЛДЫ

8
0

Түркістан облысында отбасылық саясатты жүйелі жүргізу мақсатында қолға алынған бастама – «Отбасын қолдау орталықтары» жобасы өз жемісін беріп келеді. Бүгінде облыс көлемінде барлық аудан-қалаларды қамтыған 17 орталық тұрақты жұмыс істейді. Бұл – отбасылық институтты нығайту мен әлеуметтік қауіптерді алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың нақты іске асып жатқанын білдіреді.

2024 жылдың маңызды оқиғаларының бірі ретінде Қазығұрт ауданында осы бағыттағы жаңа әлеуметтік нысан – аудандық «Отбасын қолдау орталығының» ашылуы ерекше маңызға ие. Жаңа орталықтың ашылуы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына» сәйкес жүзеге асырылды. Бұл құжатта отбасы институтының тұрақтылығы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік осал топтарды қорғау мен гендерлік теңдік сынды мәселелер басым бағыт ретінде айқындалған. Сәйкесінше, Қазығұрт ауылындағы жаңа орталық тек кеңес беретін мекеме ғана емес, азаматтарға нақты, жан-жақты көмек көрсететін көпсалалы әлеуметтік платформа рөлін атқарады. 2024 жылдың қаңтарында тіркелген бұл коммуналдық мемлекеттік мекемеде 14 штаттық бірлік бекітілген. Орталық екі қабатты жаңа ғимаратта орналасқан және келесі инфрақұрылыммен жабдықталған — 14 жатын орын, оның ішінде 8 орын балаларға арналған (өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін уақытша паналау орны), 6 жұмыс бөлмесі (кеңес беру, диагностика, әкімшілік қызметтерге арналған), 2 азаматтарды қабылдау бөлмесі (психологтар мен заңгерлер үшін жеке кеңес бөлмелері). Бұл — заманауи әлеуметтік стандарттарға сай келетін, қызметтің сапалы әрі кешенді болуына жағдай жасалған әлеуметтік нысан.

Қазығұрт ауданындағы жаңа орталық отбасылық мәселелерді ерте анықтау, алдын алу және кешенді шешу бойынша 9 бағытта қызмет көрсетеді. Олардың қатарында психологиялық көмек (отбасылық дағдарыстар, балалармен қарым-қатынас, зорлық-зомбылықтан кейінгі оңалту), құқықтық кеңес (тұрмыстық құқықбұзушылық, алимент, некені сақтау т.б.), әлеуметтік қолдау (жәрдемақы, тұрғын үй мәселелері, жұмыспен қамту), кәсіптік бағдар беру (отбасындағы жұмыссыз мүшелерді еңбекке тарту), гендерлік теңдікке қатысты түсіндіру жұмыстары, қиын жағдайдағы жасөспірімдермен жеке жұмыс, балаларды қорғау бағытындағы араласу тетіктері, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру жұмыстары, медиация және отбасылық жанжалдарды реттеу бар. Бұл бағыттар бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асырылады және әр отбасының жағдайына жеке көзқарас танытуға мүмкіндік береді. Орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жаңа мекеменің жұмыс бағытына ерекше тоқталып, оның отбасы институтын сақтау мен дамытудағы рөліне сенім білдірді. «Бұл орталық – қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселені шешудің басты құралдарының бірі. Қызметкерлер әрбір отбасының тағдырына бейжай қарамай, жүйелі әрі сапалы қызмет көрсетуі тиіс», – деді аудан басшысы. Әкімдіктің қолдауы – орталықтың жергілікті деңгейдегі ықпалын күшейтіп, ведомстволық емес ұйымдармен де тығыз жұмыс істеуіне жол ашады.

Қазығұрт ауданындағы жаңа «Отбасын қолдау орталығы» – отбасыға қатысты саясаттың формалды емес, мазмұнды іске асып жатқанын көрсететін нақты дәлел. Мұндай орталықтар әлеуметтік осал топтарды қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, жастар мен балалардың қауіпсіз ортада өсуіне, жалпы қоғамдағы үйлесімділік пен рухани тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді. Бұл тек Қазығұрт үшін емес, елдің барлық өңірлері үшін үлгі боларлық тәжірибе. Себебі қоғамның негізі – берік отбасы, ал берік отбасы – жүйелі қолдауға, түсіністік пен қамқорлыққа негізделген ортада қалыптасады.