ЕҢБЕК НАРЫҒЫН ДАМЫТУ – ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КІЛТІ

2025 жыл Түркістан облысы үшін халықты жұмыспен қамту саласында серпінді өзгерістер мен ауқымды жоспарлардың жылы болғалы отыр. «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланып, оның 83 554-і – тұрақты, ал 47 215-і уақытша болып белгіленген. Мұндай қарқын – өңір экономикасын күшейтіп, әлеуметтік теңгерімділікті сақтаудың негізгі тетігі.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы барлық жұмыстар қатаң бақылауға алынған. Тапсырманың орындалу барысы жуырда өткен алқа мәжілісінде егжей-тегжейлі қаралды. Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Қазанқапов мәлімдегендей, тек соңғы 4 айда 12 031 тұрақты жұмыс орны құрылған, бұл бастапқы жоспардан (7883 орын) біршама артық. Бұл – жүйелі жұмыстың, еңбек нарығын болжаудың және жергілікті әкімдіктердің белсенділігінің нәтижесі. «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында 1 ай ішінде 775 жаңа жұмыс орны ашылған. Ұлттық жобалар шеңберінде 321 азамат жұмыспен қамтылған. Алайда Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Отырар аудандары бойынша Ұлттық жобалар аясында ешқандай нақты нәтиже тіркелмеген, бұл жауапты мекемелер мен жергілікті билікке үлкен сын. 2025 жылы 32 465 азаматты субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына жолдау көзделсе, бүгінгі күнге дейін 19 447 азамат жолданған. Уақытша жұмыс орындары – жұмыссыздықтың алдын алу үшін тиімді құрал болғанымен, олардың ұзақ мерзімді нәтиже бермеуі маңызды мәселеге айналып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл мәселеге ерекше назар аударып, мынандай талап қойды. Өз сөзінде “Жұмыс алгоритмін жасаңыздар. Еңбек тәртібін бақылап, жұмыс берушінің нақты қызметін тексеріңіздер. Мемлекеттік қаржыны тиімсіз жұмсауға жол берілмейді” деді ол.  Бұл – еңбек бағдарламаларына формалды емес, нәтижеге бағытталған көзқарастың қажеттігін көрсетеді.

Тек жұмыс орындарын ашу емес, сонымен қатар әлеуметтік осал топтардың жағдайын жақсарту да басты назарда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, биыл аз қамтылған азаматтар санын 20%-ға төмендету межесі қойылған. 4 айда 49 037 адамға (7 995 отбасыға) атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Кедейлік деңгейі 2,3%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға төмендеген. АӘК алушылар саны 48,2%-ға (45 713 адамға) қысқарған. Бұл көрсеткіштер – жұмыспен қамту шараларының тиімділігін, халықтың өз бетімен табыс табуға көшу үрдісінің күшейгенін аңғартады. Алайда бұл нәтижелер тұрақты болу үшін еңбек нарығындағы сапалы жұмыс орындарының санын арттыру аса маңызды. Облыстағы халық саны мен еңбекке жарамды азаматтардың көрсеткішін ескерсек, 130 мың жұмыс орны – үлкен, бірақ жеткілікті емес межелі сан. Осыны ескере отырып, басты назар бірнеше бағытта шоғырлануы тиіс. Олар — білім беру мен қайта даярлау курстары арқылы жұмыссыз азаматтардың біліктілігін арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтуды қолдау, әйелдер мен жастар арасындағы жұмыссыздыққа бағытталған арнайы бағдарламалар енгізу, цифрлық платформалар арқылы бос жұмыс орындары туралы ақпаратқа қолжетімділікті арттыру.

Түркістан облысы бүгінгі таңда жұмыспен қамту саласында кешенді қадамдар жасап жатқан өңірлердің бірі. Алайда жұмыс тек санмен өлшенбеуі тиіс. Сапалы, тұрақты жұмыс орындары, әлеуметтік әділдік, еңбекке ынталандыру тетіктері, бақылау мен тиімділік өлшемдері – осының бәрі халықтың өмір сүру деңгейін арттыратын басты құрал. Халықтың әл-ауқаты – ашылған жұмыс орындарының санымен емес, тұрақты табыспен өлшенеді. Осы қағидатты басты негізге алған Түркістан облысы үшін 2025 жыл – нақты нәтижелер мен жүйелі шешімдердің жылы болмақ.