«МЕКТЕБІМ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

20
0

2024–2025 оқу жылының аяқталуына орай, Түркістан қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінде 11-сынып бітірушілеріне арналған аттестат табыстау салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жыл сайын мектеп өміріндегі ең маңызды әрі толғанысты сәт саналатын бұл шара биыл да ерекше әсер мен қуанышқа толы болды.

Мектеп-лицейдің ауласы бұл күні ерекше мерекелік көңіл күйге бөленді. Түлектер, ата-аналар, ұстаздар мен мектеп әкімшілігі бір арнада тоғысып, мектеп қабырғасымен қоштасып жатқан жас түлектерге ақ жол тіледі. Салтанатты жиынның шымылдығын мектеп директоры Р.С.Ибадуллаева ашып, түлектерге жүрекжарды тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде шәкірттердің білім жолындағы табандылығын, ұстаздардың ерен еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, білім мен тәрбиеде үздік жетістіктерге жеткен оқушыларды жекелей атап, олардың жетістіктері — бүкіл мектептің мерейі екенін айтты. Шара барысында мектеп мақтаныштары — «Алтын белгі» иегерлері арнайы марапатталды. Бұл мәртебелі марапат үздік білім мен үздік тәртіптің нәтижесі екені даусыз. Биылғы оқу жылында 4 түлек осынау жоғары марапатқа лайық деп танылды. Олардың жетістігі — тек жеке жеңіс емес, бүкіл ұстаздар қауымы мен ата-аналардың ортақ еңбегінің жемісі.

Салтанатты жиында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.А.Нурлыбаев барлық бітіруші түлектерге жалпы орта білім туралы аттестаттарын табыстады. Бұл – әрбір түлек үшін ерекше тарихи сәт. Себебі дәл осы құжат олардың мектеп қабырғасындағы 11 жылдық білімінің қорытындысы әрі болашаққа жолдама. Жиын барысында бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, алда күтіп тұрған ҰБТ, мамандық таңдау және үлкен өмірдің жауапкершілігі жайлы әсерлі тілектер айтылды. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейін 56 түлек бітіріп отыр. Бұл – бір мектеп үшін үлкен көрсеткіш. Әрбір оқушы — болашақ маман, елдің ертеңгі тірегі. Сондықтан оларға артылар үміт те, сенім де зор. Түлектерге арналған салтанатты аттестат тапсыру — бұл жай ғана рәсім емес, бұл — ұстаз еңбегінің бағалануы, шәкірттің жаңа өмірге қадам басуы, ата-ананың қуанышы. Сәкен Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейі бұл жолы да жоғары ұйымдастырушылықпен, шынайы педагогикалық мәдениетпен биік деңгейдегі шара өткізді.