ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРПІН: 13,1 МЛРД ТЕҢГЕ ТАРТЫЛДЫ

Түркістан облысының табиғаты көркем, әлеуеті зор аудандарының бірі – Төлеби ауданы. Соңғы жылдары бұл өңірде экономика, өндіріс, туризм және инфрақұрылым салаларында айтарлықтай ілгерілеу байқалып отыр. 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнімі 53,1 млрд теңгеге жетіп, бұрын-соңды болмаған серпін байқатты. Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов брифинг барысында осы жетістіктерді тізбектеп, болашақ жоспарлармен бөлісті.

2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында өндірілген жалпы өңірлік өнімнің 57,2%-ы өнеркәсіп саласына тиесілі болса, 21,9%-ы ауыл шаруашылығының, 18,7%-ы сауданың, ал 2,2%-ы құрылыс саласының үлесінде. Бұл – аудан экономикасының көпвекторлы дамып келе жатқанын көрсетеді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,4 млрд теңгеге жеткен. Мұндай ілгерілеудің басты себебі – ірі инвестициялық жобалардың жүзеге аса бастауы. Ауданға биылғы 5 айда негізгі капиталға 13,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артық. Аудан әкімінің айтуынша, 2025 жылы жалпы құны 6,5 млрд теңге болатын, 180 жаңа жұмыс орнын ашатын 4 ірі өндірістік жоба іске аспақ. Нақты жобалар — Төңкеріс елді мекеніндегі қуаттылығы 3,2 мВт/сағ «Тауэнерго» ЖШС-нің шағын ГЭС құрылысы, Сарқырама ауылындағы қуаттылығы 2 мВт/сағ «Jasyl Quat» ЖШС-нің шағын ГЭС құрылысы, Леңгір қаласындағы жылына 90 мың қысқы арнайы киім тігетін «KAZPLAST» ЖШС-нің тігін фабрикасы, «З-Энергетик СНГ» ЖШС шағын ГЭС жобасы. Бұл жобалар экологияны сақтай отырып, ауданның энергетикалық және өндірістік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Шымкентпен шекаралас Киелітас ауылдық округінде 100 гектарға индустриялды аймақ құру бойынша жұмыстар басталды. Сонымен қатар, 14 гектар аумақта өндірістік парк салу жоспары бар. Мұнда құны 20 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асып, 400 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастамалар аудан экономикасын әртараптандырып, жұмыссыздықпен күресте оң нәтижелер бермек.

«Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында биылғы бес айда Төлеби ауданында 2 476 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 676-сы – тұрақты, 1 800-і – уақытша жұмыс орындары. Бұл аудан халқының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жетістік. Ауданға 2025 жылдың 5 айында 22 500 демалушы келген. Бұл – өңірдің туризм саласындағы әлеуетінің арта түскенін аңғартады. Қазіргі таңда 254 туристік нысан жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін 12 жаңа туристік нысан іске қосылып, 151 адам жұмыспен қамтылмақ. Төлеби ауданы – экотуризм мен тау-курорттық бағыттағы демалыс түрлеріне сұраныс артқан өңір. Сондықтан бұл салаға құйылған инвестиция өзін толық ақтайтыны сөзсіз. Ауданда 10 831 шағын және орта кәсіпкер тіркелсе, оларда 14 405 адам еңбек етуде. 2025 жылдың алғашқы бес айында бұл секторда 41,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл – бизнес үшін қолайлы жағдай жасалып отырғанының нақты дәлелі. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы 3 жылда 10 көпқабатты (520 пәтерлі) тұрғын үй салу көзделген. Оның ішінде 5 қабатты 156 пәтерлі 3 үйдің құрылысы биыл аяқталады. Инфрақұрылыммен қамту жағынан аудан алда келеді. Бүгінде 55 елді мекеннің барлығы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Барлық ауылдарда орталықтандырылған ауыз су жүйесі жүргізілген. Аудандық маңызы бар 170 шақырым жолдың 95,6%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Бұл көрсеткіштер – әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан нақты жұмыстардың жемісі.

Төлеби ауданы қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстанның серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің бірі ретінде қалыптасуда. Экономиканың негізгі салалары – өнеркәсіп, инвестиция, туризм мен шағын бизнес – қарқынды дамып жатыр. Инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы ілгерілеу де халықтың тұрмыс сапасын арттыруда айтарлықтай рөл атқаруда. Бүгінгі жетістіктер – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ал болашақ – осы бағыттағы табандылық пен сенімді қадамдарға байланысты.