ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРЫП ЖАТЫР

Түлкібас ауданы — Түркістан облысының табиғаты көркем, ауыл шаруашылығына бейім ірі өңірлерінің бірі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін негізгі тетік — ауыл инфрақұрылымын жаңғырту. Осы орайда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар ерекше маңызға ие. Биыл аталған бағдарлама шеңберінде аудандағы үш ауылдық округке қарасты бес елді мекенде жалпы 18 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, жөндеу жұмыстары Майлыкент, Машат, Ақбиік ауылдық округтеріндегі Т.Рысқұлов, Бақыбек, Ақбиік, Машат және Құлан елді мекендерінде жүзеге асуда. Бұл ауылдар аудан халқының едәуір бөлігін қамтиды және жергілікті тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдету үшін маңызды көше желілері орналасқан. Осы жобалар аясында орташа жөндеу мен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ауылішілік жолдардың сапасы айтарлықтай жақсаратын болады. Ауылдардағы көше-жол жүйесінің жаңаруы — тек көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік өмір сапасына да оң әсер ететіндігі сөзсіз. Аудан әкімі Асқар Естібаев Майлыкент ауылдық округіне қарасты Т.Рысқұлов ауылындағы Бекбосынов көшесіндегі жөндеу жұмыстарының барысымен арнайы танысты. Ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын бұл көше — ауыл ішіндегі маңызды көлік артерияларының бірі. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстарының 80 пайызы аяқталған, ал мердігер — «Мақтааралдорстрой» ЖШС нысанды маусым айының соңына дейін толық пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Асқар Естібаев мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жол сапасына, белгіленген мерзімді сақтау мен тұрғындарға қолайсыздық туғызбау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, жол құрылысы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау тапсырылды.
«Ауыл – Ел бесігі» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба. Оның негізгі мақсаты — ауылдық жерлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Аталған бағдарлама арқылы еліміздің әр түкпіріндегі елді мекендерде жолдар жөнделіп, мектептер мен емханалар жаңғыртылып, мәдени нысандар бой көтеруде. Түлкібас ауданындағы жол жөндеу жобалары — осы бағдарламаның өңірдегі нақты көрінісі. Жол – ауылдың тыныс-тіршілігін анықтайтын басты факторлардың бірі. Ауылішілік көше сапасы нашар болса, балалар мектепке, тұрғындар дәрігерге, шаруалар базарға жетуде қиындық көреді. Сондықтан инфрақұрылымға салынған әрбір теңге — елді мекеннің болашағына салынған инвестиция.
Тұрғындар үшін сапалы жол — қауіпсіздік, жайлылық және уақыт үнемі. Жөнделіп жатқан 18 көше — ауыл халқының жаяу жүрісі мен көлік қозғалысын жеңілдетіп, әсіресе қоғамдық көлік пен жедел жәрдем, мектеп автобустары үшін тиімділікті арттырады. Жөнделетін жолдардың тізіміне енген елді мекендердегі тұрғындар бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қарсы алып отыр. Көптеген ауылдарда жол мәселесі он жылдан астам уақыт бойы шешілмей келген. Енді, республикалық және жергілікті бюджет қаржысы есебінен бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде.
Биыл Түлкібас ауданында атқарылып жатқан жол жөндеу жұмыстары тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, ауылдың тынысын ашатын, тұрғындардың өмір сапасын арттыратын стратегиялық бастама. Бұл – ел дамуының шалғай ауылдан басталатынын нақты дәлелдейтін мысал. Аудан әкімдігінің бақылауындағы бұл жұмыстар уақытылы және сапалы атқарылып жатса, ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысы жеңілдеп, елге деген сенім мен үміт артады. Жаңарған жолдармен еркін қозғалған ауыл баласы — ел болашағының да жарқын боларын көрсетеді.