ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ ПӘТЕР БАҒАСЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында тұрғын үй нарығындағы баға өзгерістері туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

− Тұрғын үй нарығында күрделі мәселе болады деп күтпеймін. Бұл нарық, мұнда бәрі сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Егер ұсыныс болмаса, яғни біз тұрғын үй салмасақ, онда бағаның өсуі анық болар еді. Бірақ біз құрылысты тоқтатпадық, былтыр шамамен 18,9 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға береміз. Бұл да өте қарқынды өсім, − деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен бірге, құрылыс саласындағы салыққа қатысты өзгерістер әсерін жұмсартатын бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

− Мұның бәрі талдау негізінде жасалып отыр. Біз құрылыс компанияларының баға қалыптастыру кезінде қосылған құн салығынан босатылатыны, түрлі жеңілдіктерді пайдаланатыны есепке алынбай, артық пайда тауып отырғанын көрдік. Сондықтан келесі жылы Салық кодексінің нормалары енгізілген соң тұрғын үй бағасы күрт қымбаттайды деп ойламаймыз. Бағаның алыпсатарлық жолмен шарықтауына немесе нарықтағы келісілген әрекеттер салдарынан қымбаттауына да жол бермейміз. Ондай жағдайлар орын алса, бізде заң аясында тиісті шара қолдануға толық мүмкіндік бар, − дейді О. Бектенов.