Мәжіліс депутатымен кездесті
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Уәлихан Бишімбаев өткен аптада Шымкентке келіп, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасында болды. Соңғы кездері шымкенттік дәрігерлердің тың ізденістері мен денсаулық сақтау саласына қосып жатқан қомақты үлестері барын ешкім де жоққа шығара қоймас.
Іргелі оқу орны клиникасы дәрігерлерімен жүздесіп, емдеу мекемелерінің бүгінгі жай-күйімен танысқан халық қалаулысы мұндағы көңіл көншітерлік әрекеттердің барына көз жеткізді. Соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жарақтанған клиникада Оңтүстік Кореядан әкелінген құрылғылар тосын жаңалық екендігі де рас. Құрылғы науқастарға нақты диагноз қоюға септігін тигізгенінен бөлек, дәрігерлердің де жүгін жеңілдеткенге ұқсайды. Клиника директорының кеңесшісі, медицина ғылымдарының докторы. Иманәлі Байдәулетов гемодиамез бөлімінің жұмысына және клиникада атқарылып жатқан өзге де ауқымды жұмыстарға түсіндірме жасап, Мәжіліс депутатына жан-жақты таныстырды. Клиниканың тыныс-тіршілігіне қаныққан Уәлихан Бишімбаев мұнан соң мекеменің оқу ғимаратында дәрігерлер мен студенттермен кездесті. Кездесудің мазмұндылығы бір бөлек, Уәлихан Қозыкеұлы өзіне қарата қойылған сауалдарға салихалы түрде жауап беріп, оқу орнының қызметкерлері мен студенттеріне толағай табыс тіледі.