РЕСЕЙ 10 000 ДАНАМЕН БРИКС-ТІҢ ЕСТЕЛІК БАНКНОТЫН ШЫҒАРДЫ

Владимир облысындағы Киржач баспаханасында 10 мың дана таралыммен БРИКС-тің естелік кәдесый банкноты басылды, деп хабарлайды РИА Новости.
Символдық банкнот жасау идеясы БРИКС-тің негізгі құндылықтары – көпполярлық, теңдік және стратегиялық серіктестікті көрнекі түрде көрсету әрекеті ретінде туындаған.
200 номиналдағы банкнотта одақтың негізін қалаушы елдер – Ресей, Бразилия, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африканы бейнелейтін құстар, сондай-ақ одақ құрамына кіретін мемлекеттердің тулары бейнеленген. Банкнот тұжырымдамасы алғаш рет 2024 жылдың қазан айында ұсынылды, ал оның ресми тұсаукесері 2025 жылы Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында өтті.
БРИКС бүгінде 10 мемлекетті біріктіреді: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка, БАӘ, Иран, Египет, Эфиопия және Индонезия. Ұйым кеңейтілген экономикалық ынтымақтастық арқылы өз мүшелерінің халықаралық ұстанымдарын нығайтуға ұмтылады.