ҚАРАБАСТАУ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Бүгінгі таңда қаланың дамуында басты көрсеткіштердің бірі – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Әсіресе қала шетіндегі шағын аудандар мен тұрғын алаптарында инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі шешу – әлеуметтік әділеттіліктің, халықпен сындарлы диалог орнатудың көрінісі. Бұл бағыттағы бір нақты қадам Шымкент қаласының Қарабастау тұрғын алабында жүзеге асты.
Қарабастау тұрғын алабындағы Қамбарұлы көшесінің бойында бұрын заңсыз тұрғызылып, кейін қараусыз қалған бір құрылыс нысаны ұзақ уақыт бойы тұрғындар үшін қауіп төндіріп келген болатын. Мұндай нысандар қала эстетикасына кері әсер етумен қатар, қоғамдық кеңістіктің пайдасыз әрі қауіпсіздікке қатерлі аймаққа айналуына себеп болады. Тұрғындар осы түйткілді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің көшпелі кездесуінде ашық айтып, балаларға арналған ойын алаңын орнату туралы ұсыныс білдірді. Қала басшысы бұл мәселені назарға алып, жауапты мекемелерге нақты тапсырма берді. Нәтижесінде, мәселе созбалаңға салынбай, нақты шешімін тапты. Бүгінде қараусыз қалған аумақ сүріліп, оның орнына заманауи балалар ойын алаңы мен воркаут алаңы салынды. Бұл тек балалар үшін емес, барлық жастағы тұрғындар үшін белсенді демалыс орнына айналып отыр. Жаңа қоғамдық кеңістіктің артықшылықтары — балалар үшін қауіпсіз әрі дамытушы ойын алаңы, жасөспірімдер мен ересектерге арналған спорттық воркаут аймағы, аумақтың сәулеттік келбеті мен санитарлық жағдайының жақсаруы және қауіп төндіретін заңсыз құрылыстан арылу. Бұл жағдай – елде жүргізіліп жатқан «тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасының нағыз мысалы. Халықтың тікелей қатысуы мен бастамасының негізінде мәселе анықталды. Тиісті талдау жүргізілді. Жауапты органдар шұғыл шешім қабылдады. Қоғамға пайдалы нысан іске қосылды. Мұндай ашық кері байланыс жүйесі — әкімдік пен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтатын басты факторлардың бірі.
Ғабит Сыздықбековтің басқаруымен Шымкент қаласы тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тек тыңдап қана қоймай, іске асыруды басты қағида етіп отыр. Қарабастау мысалындағы жағдай — соның нақты дәлелі. Қала әкімдігінің ұстанымы бүгінде мынандай бағыттарды қамтиды — әрбір ұсынысты мұқият зерттеу, шешім қабылдауда тұрғындардың мүддесін басты орынға қою, жобаларды уақытында әрі сапалы жүзеге асыру, қоғамдық кеңістікті балалар мен жастарға бейімдеу. Қарабастау тұрғын алабындағы бұл жоба – инфрақұрылымды дамыту мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің үйлесімді үлгісі. Ең бастысы – бұл өзгерістер халықтың өзі ұсынған бастаманың негізінде жүзеге асты. Қаланың әр бұрышында осындай жобалар көбейсе, тұрғындар өз ауданын тазалықпен, тәртіппен ұстауға ұмтылады. Бос кеңістіктер пайдасыз аймақтан қоғамдық игілікке айналады. Билік пен қоғам арасындағы байланыс нығайып, өзара жауапкершілік қалыптасады.