ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ – ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру сапасын арттыру және халықты баспанамен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта қолға алынған «Келешек мектебі» ұлттық жобасы, тұрғын үй құрылысымен қатар, орта және жоғары білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жетілдіру ісі – өңірдің жаңа даму бағытының айқын көрінісі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың Төлеби ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аталған салалардағы бірқатар маңызды жобалармен танысып, нысандардың құрылыс қарқыны мен сапасын тексерді. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуы басты талап ретінде қойылды. Білім беру саласында қолға алынған «Келешек мектебі» жобасы – өңірлердегі білім сапасын теңестіру, заманауи инфрақұрылыммен қамту және оқушы контингентін қолайлы жағдайда оқытуға мүмкіндік беру мақсатында жүзеге асып жатқан маңызды бастама. Түркістан облысында аталған жоба аясында барлығы 29 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған болса, соның төртеуі Төлеби ауданында салынып жатыр. Облыс әкімі Төлеби ауданы, Достық елді мекеніндегі 900 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. Жалпы аумағы 3 гектарды қамтитын бұл білім ошағы – өңірдегі ең ірі заманауи мектептердің бірі болмақ. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған: ішкі әрлеу, шатыр жабу, сырлау, есік-терезе орнату және инфрақұрылым жүргізу сынды негізгі міндеттер орындалды. Мектепке интернет желісі мен табиғи газ тарту жұмыстары да қолға алынған. Мұнан бөлек, Алатау елді мекенінде 300 орындық, Көксәйекте 600 орындық, Киелітастағы 900 орындық мектептер де қарқынды түрде салынып жатыр. Бұл білім ошақтарында оқушыларға ыңғайлы заманауи кабинеттер, интерактивті құрал-жабдықтар, спорт және шығармашылық бағыттағы бөлмелер қарастырылып отыр. Жаңа форматтағы мектептер балаларға сапалы біліммен қатар, жан-жақты дамуға да жол ашады.
Нұралхан Көшеров Ленгір қаласындағы І мөлтек ауданда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен де танысты. Мұнда 5 қабатты 3 тұрғын үй салынып жатыр. Барлығы 48 пәтерлік бұл кешенде 1 бөлмелі 12, 2 бөлмелі 12 және 3 бөлмелі 24 пәтер қарастырылған. Тұрғын үй құрылысы 2023 жылы басталып, бүгінде шатыр жабу, ішкі-сыртқы әрлеу және инженерлік желілерді тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба құны – 625,5 миллион теңге. Құрылысты қаржыландыру республикалық және облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылған. Облыс басшысы жауапты тұлғаларға тұрғын үйлердің сапасына ерекше назар аударуды ескертті. Қателікке жол берілмеуі тиіс екенін қатаң айтып, әлеуметтік маңызы бар нысандарда сапа мен мерзімділікті басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған соң, пәтерлер биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сапар аясында облыс әкімі Төлеби ауданындағы «Мейір-Бейс» жоғары медициналық және педагогикалық колледжінің жұмысымен де танысты. Бұл оқу орны – өңірдегі кадрлық әлеуетті арттыруда маңызды рөл атқаратын мекеме. Колледж жаңа форматта жұмысын жалғастырып, студенттерге заман талабына сай білім беруде. Қазіргі таңда оқу орнында 56 оқытушы дәріс береді. Жалпы 84 дәрісхана, оның ішінде арнайы жабдықталған фармацевтикалық, стоматологиялық оқу бөлмелері жұмыс істейді. Колледж базасы заманауи жабдықтармен қамтылған, теориялық біліммен қатар тәжірибелік машықтануға да кең мүмкіндік бар.
Төлеби ауданында жүзеге асып жатқан бұл жобалар – өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадамдар. Жаңа мектептер мен тұрғын үйлердің салынуы, кәсіби білім берудің жаңа деңгейге көтерілуі – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жастарға жарқын болашақ қалыптастыруға бағытталған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бұл сапары көрсеткендей, Түркістан облысы мен оның аудандарында әлеуметтік маңызы бар жобалар нақты нәтиже беріп келеді. Алдағы уақытта бұл бастамалар жалғасып, өңір дамуы жаңа деңгейге көтерілері сөзсіз.