ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ КӘСІПОДАҚТЫҢ БАСТЫ НАЗАРЫНДА

28
0

«Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов қаладағы бірқатар мүшелік ұйымдармен кездесулерін жалғастырып келеді. Солардың бірі – Шымкент қаласының қаржы басқармасында өткен мазмұнды басқосу болды.

Бұл жиын кәсіподақ мүшелерімен тікелей сұхбаттасу, еңбек қатынастарына байланысты өзекті мәселелерді талқылау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ұйымдастырылды. Басқарма ұжымымен өткен кездесуге қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақытбекұлы Бақтыбаев пен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы да қатысты. Жиын барысында Серік Әуесханов еңбек заңнамаларының орындалуы, қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуы, еңбек және техника қауіпсіздігі сияқты маңызды мәселелер бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кәсіподақ төрағасы өз сөзінде қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуі – ең алдымен жұмыс беруші мен кәсіподақтың бірлескен әрекетіне байланысты екенін атап өтті. Еңбек адамының құқығын қорғау – кәсіподақ қызметінің басты міндеті екенін де нақтылады. Жиын барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Бұл – ұжым мен кәсіподақ арасындағы сенімді байланыс пен өзара ынтымақтастықтың нәтижесі. Кездесу соңында Серік Әуесханов басқарма қызметкерлерін елорда күнімен – «Астана күнімен» шын жүректен құттықтап, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қаржы саласы мамандарының еңбегін ерекше атап өтті. Осы мерекеге орай, қаржы басқармасының басшысы, әлеуметтік әріптес – Руслан Бақытбекұлы Бақтыбаев кәсіподақ тарапынан арнайы марапатқа ие болды. Оған «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгісі салтанатты түрде табысталды. Бұл марапат – жұмыс берушінің кәсіподақпен бірлесіп атқарып жатқан әділ, адал еңбегінің және қызметкерлерге жасалған қолдаудың айқын дәлелі.

Кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы серіктестік – еңбек ұжымындағы тұрақтылық пен әділеттіліктің негізі. Шымкент қалалық қаржы басқармасында өткен бұл кездесу – соның жарқын үлгісі. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы алдағы уақытта да еңбек қатынастарын дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру бағытында осындай кездесулерді жалғастыруды көздеп отыр.