ЖҮЙЕЛІ ҚАБЫЛДАУЛАР НАҚТЫ ШЕШІМГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Бұл жолғы қабылдауда қала тұрғындарын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен мәселелеріне тікелей жауап берді. Іс-шара «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ұйымдастырылды және тұрғындардың нақты сұрақтарына жедел әрекет етуге бағытталды.
Қабылдауға партия Орталық аппаратының Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің инспекторы Жәнібек Дарханбаев, партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары Бекайдар Түлегенов пен Ербол Байқонысов, сондай-ақ бірқатар қалалық басқарма басшылары қатысты. Мұндай кешенді құрам – тұрғындардың өтініштерін түрлі сала мамандарымен бірлесе қарауға және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Қабылдауға келген азаматтар көбіне келесі салалар бойынша өтініштерін жеткізді. Яғни тұрғындар жалдамалы пәтерде тұру, кезекке тұру, үйсіз отбасылар жайын көтерді. Емхана қызметі, дәрігер тапшылығы, отаға кезек және мүгедектік рәсімдеу төңірегінде сұрақтар айтылды. Атаулы әлеуметтік көмек, мүгедек баланы бағып отырған аналарға жәрдем, жұмыссыздық мәселелері қаралды. Қуаныш Асылов әрбір азаматтың өтінішіне жеке назар аударып, сұрақтарына нақты әрі түсінікті жауап берді. Кейбір мәселелер қабылдау барысында жерінде шешімін тапса, кейбір күрделі жайттар бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Тұрғындар бұл форматтағы қабылдауға оң көзқараспен қарап, өз мәселелерін билік өкіліне тікелей жеткізуге мүмкіндік алғандарына ризашылықтарын білдірді. Қоғамдық қабылдау барысында билік пен халық арасындағы ашық диалог қалыптасты, бұл – ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Сондай-ақ, басқарма басшылары тарапынан да әр өтініш бойынша жедел түсініктеме беріліп, келешекте ұзақ мерзімді шешімді қажет ететін мәселелер партия бақылауына алынды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың қатысуымен өткен қоғамдық қабылдау – азаматтардың үмітін ақтауға бағытталған нақты әрекет. Мұндай іс-шаралар тұрғындардың жергілікті билікке сенімін арттырып қана қоймай, мәселені дәл сол жерде, уақыт оздырмай шешуге мүмкіндік береді. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да қоғамдық қабылдауларды тұрақты әрі жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Себебі халықпен кері байланыс орнату – сапалы мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігі.