ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

32
0

Түркістан облысы Қазақстанның шекаралық, аграрлық және индустриялық әлеуеті зор өңірлерінің бірі ретінде аймақтық ғана емес, халықаралық экономикалық әріптестікті кеңейтуде маңызды рөл атқарып келеді. Осы тұрғыда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік және сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге бағытталған жаңа бастама – Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығы (ХӨКО) – шекаралық аймақтың геоэкономикалық маңызын арттырудағы ірі стратегиялық жобаға айналуда.

Жуырда аталмыш орталықтың аумағына инфрақұрылым тарту жұмыстары ресми түрде басталып, бұл жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кооперациялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Жобаның алғашқы кезеңіндегі дайындық және үйлестіру жұмыстары арнайы жиналыс барысында талқыланды. «Орталық Азия» ХӨКО – екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды институционалдық деңгейде тереңдетуге арналған бірегей платформа. Оның Мақтаарал ауданында, «Атамекен» кедендік бекеті маңында орналасуы логистикалық және сауда қатынастары тұрғысынан ерекше тиімді. Бұл – Қазақстан тарапынан Өзбекстанмен арадағы сауда айналымын ұлғайтуға және трансшекаралық өндірісті жолға қоюға бағытталған нақты қадам. Мұндай орталықтың құрылуы тек сауда-саттық емес, сонымен бірге бірлескен өндіріс, агроиндустрия, жеңіл өнеркәсіп, қайта өңдеу мен логистика салаларындағы кооперацияны дамытудың жаңа үлгісіне айналмақ. Ол екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жүйелендіріп қана қоймай, тұтас Орталық Азия аймағының өндірістік интеграциясына жол ашады.

Орталықтың құрылысы – тек нысанның физикалық тұрғызылуы ғана емес, заманауи, көпфункциялы өндірістік кешеннің инфрақұрылымдық базасын қалыптастыру үдерісі. Осы мақсатта өткен отырысқа Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Байдулла Оразбеков, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков және мердігер мекемелер мен тиісті бөлім басшылары қатысты. Кездесу барысында жобалық-сметалық құжаттар егжей-тегжейлі талданып, мынадай инфрақұрылым желілерін орнату жоспарлары талқыланды — автомобиль және теміржол жолдарын тарту, электр энергиясы мен табиғи газбен жабдықтау, ауыз су және кәріз жүйелерін салу және телекоммуникация және цифрлық байланыс желілерін жүргізу. Инженерлер мен жобалаушы ұйым өкілдері құрылыс кезінде қолданылатын материалдардың сапасына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына, желілердің өткізу қабілеті мен ұзақмерзімділікке ерекше мән берді. Сондай-ақ, шекаралық аймақтағы климаттық және географиялық ерекшеліктер, су ресурстары мен топырақ құрылымы ескеріліп, логистикалық тиімділікке баса назар аударылды.

Жиын барысында инфрақұрылым желілерін тарту кезінде дәстүрлі тәсілдермен қатар инновациялық шешімдер мен энергия үнемдейтін технологияларды енгізу қажеттігі туралы да мәселе қозғалды. Бұл бастама жоба тиімділігін арттырып қана қоймай, орталықтың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Пікір алмасу барысында жобалаушылар ұсынған техникалық схемаларға қатысты бірнеше инженерлік түйткілдер талданып, олар бойынша нақты шешімдер қабылданды. Бүгінгі таңда әлемдік практикада индустриялық жобаларда «жасыл құрылыс», смарт-инфрақұрылым, автоматтандырылған басқару жүйелері кеңінен қолданылуда. «Орталық Азия» кооперациялық орталығы осындай заманауи үлгілерге сай салынса, оның инвестициялық тартымдылығы мен ұзақмерзімді тиімділігі еселене түсері анық. Жоба аясындағы инфрақұрылым жұмыстары – тек құрылыс процесі емес, сонымен қатар түрлі мемлекеттік құрылымдар, жобалаушы компаниялар мен мердігер мекемелердің жоғары деңгейдегі үйлесімді жұмысына сүйенеді. Осыған орай жиналыс қорытындысы бойынша әр кезеңге жауапты ұйымдар мен тұлғалар анықталып, нақты мерзімдер мен міндеттер бекітілді. Осы үйлестіру жұмыстары – кешенді жоба сәттілігінің негізі. Өйткені, ірі халықаралық орталықтың бой көтеруі тек инфрақұрылыммен шектелмейді, бұл – болашақта ондаған өндірістік кәсіпорындар, логистикалық компаниялар, сервистік қызметтер мен жұмыс орындарын қамтитын көпқырлы экономикалық экожүйе қалыптастыру үдерісі.