Аяқдопта есе жіберді деп кінәламайық

374
0

Көпшілік біраздан  бері 2014 жылы футболдан болатын әлем чемпионатына қатысатын командаларды іріктеу кездесулері туралы жыр ғып жүр. Әсіресе еразаматтар. Жақында осы чемпионатқа қатысуға үміткер еліміздің құрама командасы Германияның футбол командасымен кездесіп, өз алаңында  0:3 есебімен жеңіліп калды. Осы кездесуді бірге тамашалаған танысым казақстандық футболшылардың ата-бабасын сықпырта боқтап, ызадан жарылып кетті. Әрине, еліміздің көкбайрағының желбіреп тұрғанын кім жек көрсін. Жаныңды салып еңбектенген еңбегіңнің жұлдызы бірден жанып кеткені кімге де болсын ұнайды. Дегенмен…
Мұхтар ағамыз «Женудің бәрі жеңіс пе» деген емес пе. Ендеше, жеңілудің бәрін жеңіліс санамайық. Германия футбол тарихында өзіндік менталитетін қалыптастырған, аяқдоп тебуде шоқтығы биік тұрған ат төбеліндей ғана мықтылардың қатарына жатады. Олар біз түгіл Аргентина, Бразилия секілді елдердің өзіне оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Осы орайда неміс командасының бас бапкері Йоахима Лева мақтанатын орны жоқ емес.
Ал Қазақстан кеше ғана аттан түсіп, аяқдопты қолына жаңа алған жасөспірім сипатты мемлекет. Германияны жеңу үшін бізге қаншама тер төгу керектігін айтып жатпай-ақ, саналы азамат өзі түсінер. Ия, кұрама командамыз жеңіліп қалды. Бірақ өзіне лайықты жеңіле білді. Әу баста мен осы есеп 0:10 есебімен бітер ме екен, қайтер екен деп ойлағам. Олай болмағаны мені қатты қуантты. Бұдан құрама командамыздың аса жаман ойнамағандығын байқаймыз. Кейбіреу жиырма жылда біздің құрамадан Пеле мен Мородонаның шықпағанына налиды. «Асыққан шайтанның ісі». Қазақ даласының әрбір азаматы ғана емес, тау мен тасы аяқдопты жатырқамай, бауыр басқанда ғана ол үміт ақталатындықтан, әзірге, істің байыбына бармастан, жалған намыстылыққа салынбай, ар мен жанын беріп, тер төгіп жүрген бүгінгі құрама команда футболшыларын сөге жамандамағанымыз жөн-ақ.

Жабай ҚАЗЫБЕКТЕгІ,
Отырар ауданы.