ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ РЕТТІК НӨМІР ТАҚТАЙШАЛАРЫ ОРНАТЫЛДЫ

20
0

Заманауи қалалық инфрақұрылым – тек жолдар мен көлік қатынасы ғана емес, сонымен қатар нақты мекенжай жүйесі, тиімді байланыс пен ыңғайлы қызмет көрсету жүйесімен өлшенеді. Шымкент қаласы, Абай ауданы әкімдігінің тұрғындардан келіп түскен өтініштері негізінде қолға алған тақтайша реттік нөмірлерін үйлестіру жұмыстары – осы бағыттағы маңызды әрі өзекті қадам.

Шағынаудандар мен жаңадан бой көтерген елді мекендерде мекенжай реттілігінің бұзылуы, нөмірлеу жүйесінің болмауы немесе сәйкессіздігі сияқты мәселелер жиі кездесіп жатады. Мұның салдарынан пошта қызметі кешігіп, коммуналдық қызмет көрсету қиынға соғады, төтенше жағдай кезінде жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметтерінің жұмысын баяулатады. Бұған қоса, кейбір тұрғындар өз үйінің нақты мекенжайын тіркете алмай, әкімшілік немесе әлеуметтік қызметтерді пайдалану барысында кедергілерге ұшырайды. Аталған мәселе бойынша тұрғындар тарапынан Абай ауданы әкімінің аппаратына бірнеше рет өтініштер түскен болатын. Әкімдік бұл ұсыныстарды назардан тыс қалдырмай, нақты іс-шаралар қабылдады. Аудан әкімдігі жүзеге асырған тақтайша реттік нөмірлерін үйлестіру жұмыстары – тұрғындар сұранысына негізделген, қоғамдық қажеттілікке жауап беретін нақты әрекет. Жұмыстың негізгі үш мақсаты айқындалды. Үй иелерінің мекенжайын нақтылау — әрбір тұрғын үйге заңды түрде тіркелген, бірыңғай базаға енгізілген нақты нөмір беру. Бұл – меншік құқығын тіркеуден бастап, мемлекеттік қызметтерді алуға дейінгі барлық салаға тікелей әсер етеді. Көше бойындағы реттік нөмірлерді жүйелеу белгілі бір тәртіппен берілген нөмірлер елді мекеннің ішкі логистикасын оңтайландырады. Қалалық қызметтердің бағыт-бағдарын табуға жеңілдік туғызады. Пошта, курьер, коммуналдық және әлеуметтік қызмет көрсетуші мекемелер мекенжайды нақты білген жағдайда, халыққа сапалы әрі жедел қызмет ұсына алады. Бұл жұмыстардың артықшылығы тек инфрақұрылымдық жүйені ретке келтірумен шектелмейді. Ең бастысы – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Себебі бұған дейін бір көшенің бойында реттік нөмірдің қайталануы, мүлде болмауы немесе жүйесіз берілуі тұрғындардың әкімшілік-әлеуметтік мәселелерін күрделендіріп отырған еді.

Абай ауданы әкімдігінің бұл бастамасы – тұрғындардың пікірін ескеріп, нақты шешім қабылдау арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында іске асып отырған іс-шара. Бұл – жергілікті басқару деңгейінде азаматтардың ұсынысын тыңдай отырып жасалған нақты жұмыс үлгісі. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мұндай мекенжай жүйесін біріздендіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Әсіресе жаңа құрылыс аудандарында, жеке тұрғын үй секторында және жаңадан көшелер ашылған аймақтарда бұл мәселе ерекше назарда болады. Мекенжай жүйесінің нақтылығы – кез келген дамыған қаланың негізі. Шымкент қаласы, Абай ауданы әкімдігі қолға алған бұл шаралар – қалалық деңгейде тиімді басқаруға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Осындай нақты әрі тиімді бастамалар тұрғындар мен билік арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, қаланың заманауи және қолайлы өмір сүру ортасына айналуына жол ашады.