ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде ел аумағында нақты іске асып келеді. Бұл ұстаным – жергілікті басқару органдарының тұрғындармен ашық диалог орнатып, өзекті мәселелерді бірге шешуге бағытталған жұмысын жандандыруда. Шымкент қаласында бұл бастама жүйелі түрде жүзеге асып отыр.
Осы бағыттағы кезекті маңызды шара Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлының «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында өткізген қоғамдық қабылдауы болды. Қабылдау барысында қала тұрғындары ауданның инфрақұрылымы мен өмір сүру сапасына қатысты өз ой-пікірлерін, талап-тілектерін ашық айтты. Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар тарапынан бірнеше маңызды мәселе көтерілді. Атап айтқанда жаңа құрылыс аймақтарында балалардың ойын ойнап, уақытын тиімді өткізуге арналған алаңдардың жоқтығы, тұрғын үйлерге жақын орналасқан кәсіпкерлік нысандардың заңдылығы мен санитарлық талаптарға сәйкестігі, қауіпсіздікті арттыру мақсатында бейнебақылау жүйесін жетілдіру қажеттігі, жол, жарық, су, кәріз жүйесіне қатысты шешімін күткен мәселелер қаузалды. Бұл бағыттар – қала тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін, әлеуметтік маңызы жоғары проблемалар екені сөзсіз. Аманжол Бақытжанұлы тұрғындардың әрбір өтінішіне мұқият көңіл бөліп, нақты шешу жолдарын түсіндірді. Қабылдауға қатысқан жауапты сала мамандарына және бөлімдерге арнайы тапсырмалар беріліп, ұсынылған мәселелердің орындалу мерзімі мен тәртібі белгіленді. Әкімдік өкілі проблемалар бір сәтте шешілмегенімен, жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешімін табатынын, барлық ұсыныстар жұмыс жоспарларына енгізілетінін мәлімдеді. Бұл – тұрғындардың дауысы естіліп, нақты әрекетке ұласатынының айғағы.
Қабылдау барысында Тұран ауданы әкімінің орынбасары тұрғындармен кері байланыстың тұрақты түрде жалғасатынын ерекше атап өтті. Бұл – әкімдік пен халық арасындағы байланыстың бір реттік акция емес, үздіксіз жүретін жұмыс процесі екенін білдіреді. Кері байланыс орнату арқылы билік өкілдері тұрғындардың нақты өмірлік жағдайларын біліп, шешім қабылдау кезінде жергілікті ерекшеліктерді ескере алады. Бұл – басқару жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған тиімді тәсіл. Тұран ауданы әкімдігінің бұл қоғамдық қабылдауы – жергілікті биліктің халықпен тығыз жұмыс істеуге деген шынайы ұмтылысын көрсетеді. Әрбір айтылған ұсыныстың назарға алынып, оны шешуге бағытталған нақты әрекеттердің жасалуы – жергілікті деңгейде жауапты мемлекеттік басқарудың орныға бастағанын білдіреді. Мұндай кездесулер тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып, билік пен халық арасындағы сенім мен әріптестік қарым-қатынасты нығайтады. Бұл – демократиялық басқарудың және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі.