ТҰРҒЫНДАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРІЛДІ

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті азаматтарды қабылдау шарасы өтті. Бұл жоба тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға, өзекті мәселелерін нақты шешуге бағытталған тиімді алаң ретінде танылып келеді.  Кезекті қабылдауға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Шымкент қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Абылғазы Калназаров арнайы қатысып, тұрғындар тарапынан түскен жеке өтініштерді мұқият тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың басым көпшілігі банктік несиеге қатысты проблемаларын алға тартты. Атап айтқанда, несие төлеудегі қиындықтар, өсімдік пайыздар, қайта құрылымдау мәселелері, коллекторлық агенттіктердің әрекеті және несие тарихын қалпына келтіру тәрізді өзекті сұрақтар көтерілді. Өз кезегінде Абылғазы Калназаров әрбір мәселені жеке қарастырып, азаматтарға құқықтық тұрғыдан нақты, әрі түсінікті кеңес берді. Қаржы нарығын реттейтін агенттік өкілі ретінде заң аясында қолжетімді тетіктерді, сонымен қатар банктермен өзара қатынастардың тәртібі мен ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Кездесу барысында кейбір мәселелер сол сәтте шешімін тауып, тиісті органдарға бағыттама берілді. Ал күрделі, терең талдауды қажет ететін сұрақтар арнайы хаттамаға тіркеліп, бақылауға алынды. Бұл мәселелер алдағы уақытта жауапты құрылымдардың қатысуымен бірлесіп қарастырылатын болады. Қабылдаудан кейін тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп, мұндай ашық әрі тиімді кездесулердің маңызын ерекше атап өтті. Мемлекеттік органдар өкілдерімен бетпе-бет пікірлесу, нақты жауап алу — тұрғындарға сенім мен қолдау сыйлайды.

«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық көмек» партиялық жобасы азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар, нақты әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де ықпал етуде. Бұл бастама мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, халықтың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған. Мұндай қабылдаулар – тұрғындар үшін тиімді мүмкіндік. Бұл тек жеке мәселелерді шешудің құралы ғана емес, сонымен бірге халық пен билік арасындағы ашық диалогтың көрінісі. Алдағы уақытта да «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы қабылдаулар тұрақты түрде жалғасып, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетілетін болады.