БАЛАЛАР АЛАҢШАСЫ САЛЫНЫП, ТҰРҒЫНДАРҒА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

«AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне тұрғындардан келіп түсетін өтініштер – жергілікті билік пен халық арасындағы ашық диалогтың нақты көрсеткіші. Жуырда осындай қоғамдық қабылдаудың нәтижесінде Нұршуақ шағын ауданы тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан бір мәселесі оң шешімін тапты.
Атап айтқанда, Тұздыбастау көшесінің бойына балалар ойын алаңшасын салып беру жөніндегі тұрғындардың ұсынысы партия филиалына ресми түрде жолданған болатын. Аталған өтінішті қабылдаған «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы тұрғындардың бұл сұранысын назардан тыс қалдырмай, мәселені Абай ауданы әкімдігіне жеткізуге уәде берген. Партия мен жергілікті атқарушы орган арасындағы өзара әрекеттестік осы тұста айқын көрінді. Әкімдік өкілдері тарапынан да бұл өтінішке бейжай қаралмай, қажетті зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нұршуақ шағын ауданында балалар ойнайтын қауіпсіз әрі заманауи орынның қажеттігі нақтыланып, мәселенің өзектілігі расталды. Жылдам әрі тиімді әрекеттің нәтижесінде Тұздыбастау көшесінің бойына жаңа балалар ойын алаңшасы салынды. Ойын алаңы барлық қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталып, балалардың еркін әрі қауіпсіз ойнауына қолайлы жағдай жасалды. Бұл тек балдырғандар үшін қуаныш емес, ата-аналар үшін де маңызды жеңіс. Тұрғындар бұрын балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жоқ екенін айтып жүрген болатын. Енді жаңа алаңша – шағын ауданның ажарына сән қосып, жас ұрпақтың денсаулығына оң әсер ететін ортаға айналмақ.
Осылайша қарапайым тұрғындардың ауызша айтқан тілегі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асты. Бұл – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған нақты іс. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларының тиімділігі дәл осындай мысалдармен расталып отыр. Әрбір келген өтініш, егер орынды болса, жауапты органдармен бірлесіп қарастырылып, нақты нәтиже береді. Нұршуақ шағын ауданындағы балалар алаңшасының салынуы – тұрғындардың үнінің естіліп, қажетті шараның уақтылы қабылданғанының көрінісі. Бұл – партия мен әкімдік арасындағы тиімді әріптестік, ашықтық пен жауапкершілікке негізделген жұмыс жүйесінің жемісі. «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалы бұдан былай да азаматтардың өтініш-тілектерін қабылдап, олардың орындалуына ықпал етуді басты міндеті ретінде жалғастыра бермек.