САМАЛ-3 ШАҒЫН АУДАНЫНДАҒЫ БАЛАЛАР АЛАҢШАСЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

Қала аумағындағы тұрғын үй массивтері мен әлеуметтік нысандардың тазалығы — жай ғана көрік үшін емес, тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Осы орайда халықтың талап-тілегін дер кезінде тыңдап, нақты әрекет ету — жергілікті атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдардың басты міндеттерінің бірі болып қала бермек.
Осы бағытта «AMANAT» партиясының Абай аудандық филиалы өз жұмысында ашық диалог пен нақты шешімдерге негізделген қоғамдық қабылдаулар арқылы нәтижелі іс атқарып келеді. Жуырда Самал-3 шағын ауданының тұрғындары «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгініп, А.Абдраманов көшесінде орналасқан балалар ойын алаңшасының ластанып кеткенін, онда қоқыстар жиналып, балалардың ойнауына кедергі келтіріп отырғанын жеткізді. Алаңшаның айналасындағы тазалықтың жоқтығы — балалар үшін қауіпті, ал ата-аналар үшін алаңдаушылық тудыратыны анық. Сондықтан бұл өтініш тек санитарлық мәселе емес, әлеуметтік мәні бар сұрақ ретінде қабылданды. Азаматтардың өтінішін қабылдаған «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы тұрғындардың бұл мәселесін назарға алып, Абай ауданы әкімдігіне ресми түрде хабар беретінін мәлімдеді. Партия мен әкімдік арасындағы өзара үйлесімді әрекеттің нәтижесінде мәселе дер кезінде қаралып, аудан әкімі аппаратының мамандары алаңшаны тазалау жұмыстарына кірісті. Ойын алаңы маңындағы жинақталған қоқыс шығарылып, санитарлық талаптарға сәйкес ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда А.Абдраманов көшесіндегі балалар ойын алаңшасы қайтадан таза, тәртіпке келтірілген күйде, балалар үшін қауіпсіз ортаға айналды. Ата-аналар да мұндай жылдам әрекетке риза болып, алғыстарын білдіруде. Бұл — бір қарапайым өтініштің арты нәтижелі іске айналғанының айқын көрінісі. Тұрғындардың үнін естіп, нақты қадам жасау — халықпен тиімді жұмыс істеудің жарқын мысалы. Бұл оқиға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жергілікті деңгейде қалай іске асырылып жатқанын дәлелдейді. Қарапайым тұрғындардан түскен өтініш ескеріліп, нақты іс-шара жүзеге асты. Мұндай жағдайлар билік пен қоғам арасындағы сенім көпірін нығайта түседі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қызмет ете бермек.