ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САУАЛДАРЫНА ЖАУАП БЕРІЛДІ

37
0

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өтті. Бұл жолы қоғамдық қабылдау «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылып, тұрғындарды Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков қабылдады.

Іс-шара барысында азаматтар көптен бері шешімін таппай келе жатқан даулы жағдайлар, алаяқтық әрекеттер, құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты сұрақтар және құқықтық қолдау мәселелерін ортаға салды. Қабылдауға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, Полиция департаментінің салалық бөлім қызметкерлері және қоғамдық қабылдау мамандары қатысты. Бұл құрам — тұрғындардың көтерген мәселелеріне жерінде әрі жан-жақты жауап беруге мүмкіндік берді. Нұрлан Алмасбеков әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, қызметтестерімен бірге нақты шешу жолдарын қарастырды. Қоғамдық қабылдау кезінде кейбір мәселелер жедел шешімін тапса, күрделі әрі құқықтық терең талдауды қажет ететін жайттар тиісті бөлімдерге жолданып, бақылауға алынды. Қоғамдық қабылдау соңында Нұрлан Алмасбеков мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталып «Халықпен ашық диалог орнатып, олардың мұң-мұқтажына құлақ асу – біздің басты міндетіміз. Мұндай қоғамдық қабылдаулар азаматтардың сенімін арттырып, құқықтық сауаттылығын көтеруге де сеп болады» деп атап өтті.

Қоғамдық қабылдауға қатысқан тұрғындар ашық диалог үшін алғыс айтып, мұндай форматтағы кездесулердің жиі өтіп тұруын сұрады. Әсіресе, құқықтық түсінігі әлсіз немесе жүйедегі күрделі рәсімдерді білмейтін азаматтар үшін мұндай қабылдаулар – үлкен көмек пен қолдау. Тұрғындардың бірі «Мәселемді бірнеше жылдан бері шеше алмай жүргенмін. Бүгін бас полицейдің өзі мұқият тыңдап, шешу жолын түсіндірді. Енді үміт бар» деп өз пікірін білдірді.  «Құқықтық көмек» жобасы — «AMANAT» партиясының ел ішіндегі әлеуметтік әділеттілік пен құқықтық теңдік орнатуға бағытталған ірі жобаларының бірі. Жоба аясында тұрғындардың құқықтарын қорғау, билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, құқықтық сауаттылықты арттыру секілді мақсаттар көзделген. Статистикаға жүгінсек, осы жоба аясында мыңдаған азамат өз өтінішін жеткізген, олардың басым бөлігіне нақты көмек көрсетілген.  Шымкент қаласындағы бұл қабылдау халық пен құқық қорғау органдары арасындағы ашық диалогтың мүмкіндігін айқын көрсетті. Мұндай бастамалар билік өкілдерінің халықпен бетпе-бет кездесуіне, мәселелерді бірге шешуге мүмкіндік береді.