ЕРЕН ЕҢБЕК ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Шымкент қаласында орналасқан «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында ерекше әрі толқынысқа толы салтанатты шара өтті. Бұл күні ұжымда ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, өзінің кәсіби шеберлігімен, адалдығымен, еңбекқорлығымен дараланған ардагер қызметкер – Сайдахмат Кұшанович Исақулов 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шықты.
Мерейтой иесін ұжым, басшылық, кәсіподақ ұйымдары ерекше ықыласпен құттықтады. Іс-шарада Сайдахмат Кұшановичтің ұзақ жылғы еңбегі мен су шаруашылығы саласына қосқан үлесі жан-жақты атап өтілді. Бұл – ұжымның өз ісінің шеберіне көрсеткен шынайы құрметі ғана емес, жалпы еңбек адамына деген қоғамдағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Шараны «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Бағдат Сырлыбайұлы Байболов ашып, ұжым атынан Сайдахмат Кұшановичке алғыс білдіріп, иығына қазақтың дәстүрлі шапанын жауып, зор құрмет көрсетті. Ол өз сөзінде мерейтой иесінің еңбек жолына тоқтала келе, оның шеберден бастап мекеме басшысына дейінгі жолын адалдықпен, жауапкершілікпен өткергенін ерекше атап өтті. Бағдат Сырлыбайұлының айтуынша, Сайдахмат Кұшанович – бұл салада нағыз кәсіби маман, еңбек пен тәртіптің үлгісін көрсеткен жан. Оның инженерлік білім-білігі мен ұйымдастырушылық қабілеті кәсіпорын дамуына, сондай-ақ қала тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосты. Іс-шара барысында кәсіпорынның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ақнұр Еркінбекқызы Калдыгозова да сөз сөйлеп, мерейтой иесінің адал еңбегіне алғысын білдірді. Ол Сайдахмат Кұшановичтің көпжылдық тәжірибесі мен еңбек мәдениетінің жас буын үшін үлкен мектеп екенін айта отырып, ұжым үшін бұл кісінің орны ерекше екенін атап өтті.
Салтанатты жиында «Ынтымақ» салалық кәсіподағының атынан Сайдахмат Кұшановичке Құрмет грамотасы табысталды. Бұл марапатта оның кәсіподақ қозғалысындағы белсенділігі мен су шаруашылығын дамытуға қосқан еңбегі атап көрсетілді. Әсіресе, оның маман ретінде ғана емес, ұжым мүшесі ретінде де әріптестер арасында жоғары беделге ие болғаны баса айтылды. Сайдахмат Кұшанович ұзақ жылдар бойы тек кәсіби міндеттерін орындап қана қоймай, ұжымды ұйыстырып, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға қолдау көрсетіп отырған тұлға. Ол бас инженер, шебер, жетекші маман және мекеме басшысы ретінде жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, еңбекке деген адал көзқарасымен елге үлгі болды. Мерекелік жиында әріптестері мен сала ардагерлері Сайдахмат Кұшановичтің әр ісі мен сөзі ұжымдастарға мотивация болғанын, оның бойындағы төзімділік, кәсібилік пен сабырлылық секілді қасиеттерінің кез келген ортада қадірлі екенін айтып өтті. Ұжым атынан жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылып, естелік сыйлықтар табысталды. Бұл мерейтой – тек жеке адамның өміріндегі маңызды кезең емес, сонымен қатар ұжымдық рухтың, еңбекке құрметтің, кәсіби мұраның сабақтастығының көрінісі болды. Мұндай шаралар жас мамандарды жігерлендіріп, адал еңбек етуге, өз ісін сүйіп атқаруға ынталандыратыны сөзсіз. Сайдахмат Кұшановичке ұжым атынан зор денсаулық, отбасына амандық, алдағы зейнеткерлік өмірінде ұзақ ғұмыр мен сәттілік тілейміз. Оның кәсіби жолы мен өмірлік ұстанымдары келер ұрпаққа бағыт-бағдар болары анық.