«Бәлеқорлар» да бірдеңені білген соң айтады

375
2

Ертеректе атам қазақ: «Атың шықпаса жер өрте» деуші еді. Бүгінде жер өртемей-ақ, атыңды шығарғың келсе арыздансаң болды, атағың аспандап шыға келеді. Мәселен, «Менің құқым тапталды, әкімге барып едім бетім қайтты. Кімнен әділдік күтеміз?» деп газетке өз атыңнан мақала жазып жіберсең бітті, «бәлеқор» атануың әп-сәтте. Ондай атақты саған ешкім емес, әкімнің өзі-ақ немесе төңірегіндегілер бере салады.
Бір оқырманымыз бар, әділдік орнатамын деп әлектеніп жүрген. Қарап тұрсаңыз, оның жазғандарында анау айтқандай оғаш ештеңе жоқ. Күйіп кететін болар, кейде шенеуніктерді «сойып» саламын деп, шектен шығып кететін кездері болады. Онысы өзіне таяқ та болып тиіп жатады. «Ар-намысыма орасан нұқсан келтірді» деген сыңайда сотқа сүйрейтін әкім-қаралар оның әділдік үшін шырылдап жүргенінен емес, арызқойлығы үшін теріс айналады. Сол өңірдің басшысы бір жолыққанында «сол «бәлеқордан» аулақ жүрсеңіздер болар еді» деген ескертпесінен соң ойланып қалдық. «Бәлеқордың» бар айыбы, мемлекет қаржысын тиімді жұмсау керектігі жөнінде айтқанында болып тұр. Шалғай ауданның бір оқырманы газетімізге бір емес, бірнеше мақала беріп, бюджеттен бөлінген қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуы жолында шалағайлық барына шыр-пыры шығып, барлық деңгейдегі басшылық тарапына, құқық қорғау органдарына шағымданса да, нәтиже болмағандықтан бұқаралық ақпарат  құралдарына жүгінгені бар. Сол ауданның бір атқамінері: «сол «бәлеқордан» -ақ қалдық бәлеге, тек жүрсе қайтеді екен?» дегені «шенеуніктерде шаруаларың болмасын»,- дегеніндей болды. Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі бір ауылдың әлеуметтік  мәселесі жөнінде сол ауылдың тұрғындары бірнеше мәрте газетке мақала жазса да, нәтиже болмады. Амал жоқ, биліктің бетін өздеріне қарату үшін күре жолды жапты. Сонан кейін ғана ауылға ат басын бұрған шенеуніктер бастамашы болып жүрген ауыл имамына шүйліккені бар. «Бәрін ұйымдастырып жүрген сенсің, «бәлеқор» екенсің, бәлем, ендігі ісіміз сенімен болсын» дегенге дейін барыпты. Аузынан «Алласы», қолынан Құраны түспейтін дін өкіліне солай деген әкім-қаралар өзгелерге не демейді? Қарап тұрсақ, «бәлеқорлар» ешкімге де аспандағы айды әпер немесе ауылымызға жұмақ орнатып беріңдер деп талап қоймайды. Бар ниеттері өздері үшін, ұрпағы үшін салынуы тиіс мектептің талапқа сай болуына, қолжетімді баспананың мұқтаждарға берілуіне, ауызсумен қашан қамтылатындықтары жөнінде білуге, сапасыз білімнің зардабына алаңдаулы көңілдерін жасырмайды. «Бишігештер білгендерін істемесін» дейді. Олар сол үшін жазықты, сол үшін «бәлеқор» атануда. Сонда дейміз-ау, халық өзіне қажетті жағдайды биліктен талап етпегенде енді кімнен сұрауы керек? Әлде «бәлеқор» атанудан қорқып, бір елі ауызға екі елі қақпақ қойып, «көрмес түйені де көрместің» керін келтіріп, биліктің алдында «билеп» жүрулері қажет пе? Түсініп көр, турасын айтып әкімге, ашығын айтып әлдекімге жақпай жүрген жандарды кім түсінуге тырысып көрер екен?

Қыдыр Қалиев.