ӨНДІРІС ДАМЫП, ЭКСПОРТ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Түркістан облысы бойынша экономиканың түрлі салаларында оң серпін байқалып келеді. Әсіресе кәсіпкерлік пен өндірістік жобаларды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын мысалы – Төлеби ауданы. Бұл өңірде шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып, отандық өндірісті ілгерілетуге және шетелдік нарықтарға шығуға нақты қадамдар жасалып отыр.
Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде жүзеге асып жатқан бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Ол өз сөзінде аймақта өндірістік салаларды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтып, инвестициялық жобаларды іске асыруда әкімдік пен кәсіпкерлердің тығыз серіктестігі маңызды екенін атап өтті. Сапар барысында өңір басшысы алдымен Киелітас ауылында орналасқан битум өнімдерін шығаратын «QazaqBitum Processing» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын – Төлеби ауданындағы ауыр өнеркәсіп бағытындағы ірі жобалардың бірі саналады. Зауыт алғаш рет 2011 жылы іске қосылып, 2022 жылы заманауи талаптарға сай модернизациядан өткен. Қазіргі таңда мұнда автокөлік жолдарына арналған битум өнімдері өндіріледі. Өндірістік қуаты тәулігіне 1000 тонна, жылына 300 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Бұл – республика көлеміндегі ірі көрсеткіштердің бірі. Зауытта 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өндірістік үдеріс автоматтандырылған жүйеде жүргізілуде. Компания тек ішкі нарықпен шектелмей, шетелге де өнім жөнелтіп отыр. Атап айтқанда, зауыттың битум өнімдері Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталуда. Бұл жоба еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып отырғанын көрсетеді. Өнімнің сапасы мен өндірістік тиімділігі кәсіпорынды өңірлік ғана емес, халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті етуде.
Облыс әкімі сапар аясында Ленгір қаласында орналасқан тігін цехының да жұмысымен танысты. Мұнда жылына 250 мыңға жуық арнайы жұмыс формасы тігіледі. Бұл өндіріс орны – жеңіл өнеркәсіп саласында ерекше орынға ие. Цехта 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Бұл өз кезегінде аймақтың әлеуметтік тұрақтылығына оң ықпал етуде. Тігін цехында өндірілетін өнімдер тек ішкі нарыққа емес, Ресей мемлекетіне де экспортталады. Бұл – отандық тігін өнеркәсібінің сапасы мен сұранысқа ие екенін айғақтайды. Сонымен қатар, бұл кәсіпорын әйелдердің жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік белсенділіктің артуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Төлеби ауданындағы бұл жобалар – өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытудың нақты нәтижесі. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы аймақ экономикасының әртараптануына, жұмыс орындарының көбеюіне, халықтың табысының артуына алып келеді. Мұндай жобалар арқылы жергілікті ресурстар тиімді пайдаланылып, өнімділік артып, экспорттық әлеует кеңейіп отыр. Облыс әкімінің бұл сапары жергілікті кәсіпкерлерге үлкен серпін берді. Инфрақұрылымдық қолдау, инвестициялық жеңілдіктер мен жергілікті биліктің бастамаларды қолдауы – өндіріс саласының тұрақты дамуына жол ашатын негізгі факторлар.
Жалпы алғанда, Төлеби ауданындағы қазіргі ахуал – кәсіпкерлік пен өндірістің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл үрдіс жалғасын тапса, алдағы жылдары аудан экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да жаңа деңгейге көтеріледі.