ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жаңа оқу жылының табысты басталуы – тек білім сапасына ғана емес, оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлы оқу ортасын қамтамасыз етуге де тікелей байланысты. Осы мақсатта Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар тобы қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығына кешенді зерделеу жұмыстарын жүргізуде.

Депутаттар №75 мектеп-гимназия, дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты және Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектепте күрделі жөндеу барысымен танысты. Аралау кезінде оқу кабинеттерінің жарақтандырылуы, спорт залы мен асхананың жағдайы, кітапхана мен медициналық пункт жұмысы және оқу құралдарымен қамтамасыз етілу деңгейі қаралды. Сонымен қатар, мектеп аулаларының абаттандырылуы мен жоспарланған жұмыстардың уақытында аяқталуы басты назарда болды. Зерделеу барысында ең өзекті мәселе ретінде оқушылардың қауіпсіздігі аталды. Бұл бағытта мектеп инспекторларының қызметі, ғимаратқа кіру жүйесінің тиімділігі, бейнебақылау камераларының орналасуы, дабыл батырмалары мен олардың жедел басқару орталығымен байланыс деңгейі мұқият тексерілді. Мұндай шаралар балалардың мектеп аумағында қауіпсіз білім алуына кепіл болмақ. Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуы, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы және алдағы жылу маусымына дайындық та назардан тыс қалмады. Бұл факторлар оқу процесінің үздіксіз әрі қауіпсіз өтуі үшін маңызды.

Мәслихат депутаттары уақытша комиссия құрып, қаладағы 252 нысанды – мемлекеттік мектептер мен мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін жекеменшік білім беру ұйымдарын аралауда. Бүгінде 180-ге жуық нысан тексерілген, ал 70-тен астам мектепте зерделеу жалғасып жатыр. Бұл жұмыстардың 20 тамызға дейін аяқталуы жоспарланған. Зерделеу қорытындылары 26 тамызда өтетін қала мәслихатының сессиясында талқыланып, бекітіледі. Анықталған кемшіліктер бойынша қала әкімдігіне нақты ұсыныстар жолданады. Мұндай жүйелі тәсіл білім беру инфрақұрылымындағы мәселелерді дер кезінде анықтап, жаңа оқу жылы қарсаңында жоюға мүмкіндік береді. Бұл бастама тек техникалық дайындықты бағалаумен шектелмей, білім беру мекемелерінің сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ететін маңызды қадам болып отыр. Шымкенттегі мұндай кешенді тексерулер келешекте білім сапасының артуына, оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлы оқу ортасының нығаюына ықпал етпек.