«БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДАЙЫҚ» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

«AMANAT» партиясы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі істерін жалғастырып келеді. Соның бір айғағы – Шымкент қаласы Тұран аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген «Баланы мектепке дайындайық» акциясы. Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрге айналған бұл шара әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларын қуанышқа бөледі.
Акция аясында аудандық партия филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Абзал Зейнетаев бірнеше оқушыға мектеп сөмкесін табыс етті. Сөмкелер оқу құралдарымен толық жасақталып, балалардың жаңа білім жылын еш алаңсыз бастауына жағдай жасалды. Шара барысында депутат балаларға жылы лебізін білдіріп, олардың білімге деген құштарлығын арттыруға ықпал етті. «Оқу жылы қарсаңында балаларға сый-сияпат жасауды партия дәстүрге айналдырғанын жақсы білесіздер. Бұл бастаманың басты мақсаты – балалардың көңілін көтеріп, жаңа оқу жылын ерекше қарқынмен бастауға жағдай жасау. Баршаңызға оқуда озат болуды тілеймін. Сәттілік серік болсын!» деді Абзал Зейнетаев. Игі шараға аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев та қатысып, бүлдіршіндерге өзінің жылы тілегін арнады. Оның айтуынша, партияның басты мақсаты – қоғамдағы әрбір балаға қолдау көрсету, әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын қамқорлықсыз қалдырмау. Балаларға берілген мектеп сөмкелері тек қарапайым сыйлық қана емес, олардың болашағына жасалған нақты көмек. Әрбір сөмке дәптерлер, қаламдар, бояулар мен басқа да оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Мұндай қолдау ата-аналардың да көңілін сергітті. Олар балаларын жаңа оқу жылына дайындауда едәуір жеңілдік алғандарын айтып, партия өкілдеріне ризашылығын жеткізді. Акцияның маңыздылығы – тек материалдық көмекпен шектелмейді. Бұл бастама балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың бойында сенім мен ынтаны оятады. Жаңа оқу жылы – әрбір оқушы үшін үлкен қадам, ал осындай қолдаулар олардың өздерін қоғамда қажет әрі бағалы сезінуіне ықпал етеді.
Партия өкілдерінің айтуынша, «Баланы мектепке дайындайық» акциясы алдағы уақытта да жалғасын табады. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында көптеген балаға қуаныш сыйлап, олардың білім алуына жағдай жасалмақ. Әсіресе көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары назардан тыс қалмайды. Бұл игі шара «AMANAT» партиясының қоғам алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындап берді. Халықпен бірге, халық үшін жұмыс істеуді мақсат тұтқан партия өкілдері мұндай акцияларды тұрақты түрде өткізіп, балалардың болашағына жол ашуға ниетті. Жаңа оқу жылы – үміт пен арманға толы кезең. Білімге ұмтылған әрбір балаға осындай қолдау көрсету – олардың жарқын болашағына салынған берік іргетас.