МАМАНДАР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН ТЫҢДАУ ҮШІН ТҰРАНҒА БАРДЫ

«AMANAT» партиясы халықпен тығыз байланыс орнатуды жалғастырып келеді. Партияның Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырған «Құқықтық көмек» жобасы аясында Қаратау ауданына қарасты Тұран тұрғын алабында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – халықтың мәселесін дер кезінде тыңдап, шешу жолдарын қарастыру және әрбір өтініштің жауапсыз қалмауын қамтамасыз ету.

Іс-шараға партияның қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері, аудандық әкімдік қызметкерлері, заңгерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Олардың барлығы тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдап, салалық бағытқа байланысты шешу жолдарын ұсынды. Қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері негізінен инфрақұрылым мен қоғамдық көліктерге қатысты болды. Жол сапасы, қоғамдық көлік қатынасының жиілігі, аялдамалардың жетіспеуі сияқты түйткілдер қозғалды. Әрбір айтылған ұсыныс хаттамаға енгізіліп, жауапты сала мамандарының бақылауына алынды. Бұл – тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмай, нақты шаралармен жүзеге асатынының белгісі. Айта кету керек, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары жыл басынан бері қала көлемінде жүйелі түрде өткізіліп келеді. Ресми мәліметке сүйенсек, осы уақытқа дейін 249 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, онда 1973 азаматтың өтініші тыңдалған. Өтініштердің 69 пайызы оң шешімін тапса, қалғанына заң аясында түсініктемелер берілген. Бұл көрсеткіш партияның тұрғындардың нақты проблемаларын шешуге бағытталған жұмысының айқын дәлелі. Сонымен қатар, биылғы жылы партияның қалалық және аудандық филиалдарына барлығы 7830 жеке шағым түскен. Оның ішінде 81 пайызы қанағаттандырылып, өз нәтижесін берді. Бұл – партия қызметінің ашықтығы мен тиімділігін көрсетеді. Әрбір шағымға мұқият қаралып, халықтың сенімін ақтауға күш салынуда.

Тұран тұрғын алабында өткен көшпелі қабылдау барысында да тұрғындар нақты нәтижеге қол жеткізді. Өтініштер бірден тіркеліп, жауапты мекемелерге жолданды. Жергілікті халық үшін мұндай шаралардың маңызы зор, себебі олар өз мәселесін билік өкілдеріне тікелей жеткізіп, шешімін жеделдетуге мүмкіндік алады. Партия өкілдері алдағы уақытта да осындай көшпелі қабылдауларды жиі ұйымдастыруды көздеп отыр. Себебі қала тұрғындарының басым бөлігі күнделікті тұрмысқа қатысты түрлі қиындықтарға тап болады. Ал қоғамдық қабылдау – сол түйткілдерді шешудің тиімді алаңы. Жалпы, «AMANAT» партиясының бұл бастамасы халыққа жақын болудың, қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатудың нақты үлгісіне айналып отыр. Қарапайым тұрғынның өтініші назарға алынып, шешімін табуы – партияның басты қағидаты.