БІЛІМ САЛАСЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ БЕТБҰРЫС ЖАСАЛДЫ

Түркістан қаласында өткен «Кәсіпорын мен колледж – сапалы маман кепілі» атты іс-шара өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласына серпін берген маңызды қадам болды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері, халық қалаулылары, жауапты сала басшылары, колледж директорлары және студенттер қатысты. Бұл кездесудің мәні – жастарды кәсіби тұрғыдан шыңдап, еңбек нарығына қажетті нақты мамандықтарға бағыттау, оқу орындары мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиын барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасына ерекше тоқталды. Президенттің «Еңбек адамы – еліміздің тірегі» деген сөзі еңбек нарығының жаңа басымдығын айқындап берді. Облыста осы бағытта нақты шаралар қолға алынуда. Мәселен, биылғы жылы өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 15 500 мемлекеттік тапсырыс бөлінсе, оның 9 500-і тікелей жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Бұл – кәсіби білімге деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Жиында айтылғандай, облыстағы 50 колледжді заманауи өндіріс талаптарына сай бейімдеу ісі қарқынды жүруде. Дуалды оқыту жүйесі – соның басты дәлелі. Бұл жүйе студентке теориялық біліммен қатар өндірісте тәжірибеден өтіп, кәсіби машықты меңгеруге жол ашады. Түркістан индустриялық аймағында орналасқан «BNK group» пен «Жасыл-Суық» компаниялары осы бағытта жақсы үлгі көрсетіп отыр. Олар колледж студенттерін электрмонтер, дәнекерлеуші, техник-оператор сияқты сұранысқа ие мамандықтарға тартып, жұмысқа қабылдауда. Мұндай серіктестік бір жағынан кәсіпорынға дайын кадр әкелсе, екінші жағынан жастарға тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік береді.
«Самұрық-Қазына» қоры да бұл істе белсенділік танытып отыр. Іс-шара аясында қор мен облыс әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу мен жұмысқа орналастыруды жүйелі түрде ұйымдастыруға негіз болады. Сондай-ақ дуалды оқыту бойынша үшжақты келісімдер жасалды. Мәселен, «СП Буденовское» кәсіпорны, Кентау көпсалалы колледжі және студент арасында келісімшарт бекітілді. Бұл – білім алушыға нақты жұмыс орнын алдын ала белгілеп, кәсіби жолын айқындауға мүмкіндік беретін жаңа тәжірибе. Іс-шарада тағы бір маңызды құжатқа қол қойылды. Тарқатсақ, «Қазақтелеком» АҚ мен «Woosong» IT университеті өзара келісімге келді. Бұл бағыт жастардың заманауи ақпараттық технологиялар саласына бет бұруына жағдай жасайды. Бүгінгі еңбек нарығының басты талабы – цифрлық сауаттылық пен IT дағдылары екенін ескерсек, мұндай әріптестік ерекше мәнге ие. Салтанатты жиында нақты нәтижелер де көрсетілді. «Самұрық-Қазына» қоры «Тәлімгер» жобасы аясында екі түлекке ірі кәсіпорындарда жұмысқа орналасуға қолдау білдіріп, еңбек кітапшаларын тапсырды. Бұл қадам жастарға үлгі ғана емес, дуалды оқыту мен серіктестік жүйесінің нақты жемісі екенін көрсетті. Жиыннан кейін қатысушылар Түркістан қаласындағы колледждердің материалдық-техникалық базасымен танысты. «Көпсалалы индустриалды-техникалық» колледжі мен «Түркістан жоғары Болашақ» колледжі жаңа оқу құралдарын, өндірістік жабдықтарды және студенттердің тәжірибеден өту жағдайларын көрсетті. Мұндай инфрақұрылым жастардың білім алуына ғана емес, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті маман ретінде шығуына ықпал етпек.
Жалпы, аталған іс-шараның мазмұны тек бір реттік кездесумен шектелмейді. Ол өңірде кәсіби білім берудің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадамдардың бір бөлігі. Колледждер мен кәсіпорындар арасындағы серіктестік күшейген сайын, жастардың кәсіби дайындығы артып, жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Сонымен қатар, еңбек нарығында шынайы сұранысқа ие мамандар көбейеді. Бұл – облыстың ғана емес, бүкіл ел экономикасының дамуына қосылған үлес. Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңа алты мамандықтың ашылуы да еңбек нарығының сұранысынан туындаған шешім. Өндірістің нақты қажеттілігіне сай маман даярлау – уақыт талабы. Әсіресе, өнеркәсіп, энергетика, құрылыс және IT салаларында жаңа буын кадрларын қалыптастыру елдің индустриялық-инновациялық даму саясатына сәйкес келеді. Түркістандағы басқосу – өңір жастары үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Бұл бастамалар еңбек адамының мәртебесін көтеріп қана қоймай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуды көздейді. Білім беру жүйесі мен өндірістің өзара байланысы – болашақтың кілті. Осы бағыттағы нақты қадамдар Түркістан облысын кәсіби кадр даярлауда үлгілі аймаққа айналдыра алады.