ЖАҢА КОМЬЮНИТИ-ОРТАЛЫҚ ПЕН ЖАҢАРТЫЛҒАН ЭТНОМҰРАЖАЙ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласында жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа комьюнити-орталықтың ашылуы – қоғам өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. «Достық үйінде» орналасқан бұл орталық қазіргі заман талаптарына сай жабдықталып, бұрын жертөле ретінде пайдаланылған кеңістік жастардың бас қосатын заманауи алаңына айналды. Орталық тәулік бойы жұмыс істеп, 200-ге жуық жасқа бір мезетте қызмет көрсете алады. Мұндай бастама жастардың дамуына ғана емес, қаладағы әлеуметтік және мәдени өмірдің жандануына да үлкен серпін бермек.
Бұл жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмалардың жүзеге асуының нақты көрінісі болып отыр. Сонымен қатар, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай қолға алынған символдық мәні зор шара ретінде бағалануда. Жобаның Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуы жергілікті билік тарапынан жастар саясаты мен ел бірлігін нығайту ісіне айрықша көңіл бөлініп отырғанын дәлелдейді. Жаңа орталықтың ерекшелігі – жастардың шығармашылық және мәдени белсенділігін дамытуға кең мүмкіндік ашылуында. Мұнда этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Ассамблея жастары» ұйымы және түрлі қоғамдық құрылымдар бірлесіп, ел бірлігін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырады. Сонымен бірге, би, хор, кітап үйірмелері мен басқа да шығармашылық бастамаларға жол ашылады. Бұл – жастарға тек бос уақытын тиімді өткізуге емес, өзін-өзі дамытып, қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді. Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев және ассамблея белсенділері қатысып, жаңа орталықтың мән-маңызын атап өтті. Қала әкімінің орынбасары өз сөзінде бұл бастаманың қоғамдағы маңызына тоқталып, жастарды ел бірлігін нығайтуға белсене атсалысуға шақырды. Ал Ақсақалдар кеңесінің төрағасы орталықтың игілікті іске қызмет ететініне сенім білдіріп, батасын берді. Бұл қадамның жастарға рухани күш-жігер сыйлайтыны анық.
Жиын соңында өткен дөңгелек үстел отырысында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басым бағыттар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында белгіленген міндеттер талқыланды. Мұндай пікірталас алаңдары жастардың мемлекеттік саясатқа араласуын қамтамасыз етіп, олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Айта кетерлігі, дәл осы күні «Достық үйінде» орналасқан этномұражай да жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Мұражай экспозициясы Шымкенттегі этностардың тарихы мен мәдениетін айшықтап көрсететін құнды жәдігерлерге толы. Мұнда ұлттық киімдер, тұрмыстық заттар, музыкалық аспаптар және қолөнер туындылары қойылған. Жаңартылған мұражай қоры қалада тұратын 17 этномәдени бірлестіктің өмір салты мен мәдениетін паш етеді. Бұл тек тарихпен таныстыру ғана емес, көпұлтты қоғамдағы татулық пен өзара сыйластықтың айқын көрінісі. Этномұражайдың қайта ашылуына орай ұйымдастырылған «Бір шаңырақ астында» атты көрме де халықтар арасындағы достық пен келісімді насихаттауға арналды. Бұл шара этностардың мәдени мұрасын сақтау мен танытудың тиімді тетігіне айналды. Жалпы алғанда, Шымкенттегі жаңа орталықтың ашылуы – жастар саясатын жүзеге асырудың және этносаралық татулықты нығайтудың нақты нәтижесі. Мұндай жобалар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін дамытады. Сонымен бірге, қаланың мәдени және қоғамдық өмірін жаңа деңгейге көтереді.