ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ

«AMANAT» партиясы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. Соның айғағы – партияның Шымкент қалалық филиалында өткен «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы кезекті қоғамдық қабылдау. Бұл жолғы кездесуді филиал төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Жолдыхожаевтың өзі өткізді.

Қоғамдық қабылдауға түрлі саладағы азаматтар келіп, өмірлік маңызы бар мәселелерін ортаға салды. Тұрғындардың өтініштері көбінесе инфрақұрылым, жер қатынастары, баспана алу, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты болды. Әрбір азаматтың арыз-шағымы мұқият тыңдалып, нақты шешімдер қарастырылды. Кездесу барысында Шымкент қаласының тиісті басқармалары мен аудан әкімдіктерінің өкілдері де қатысып, әрбір мәселе бойынша түсіндірме беріп, кейбір сұрақтарға бірден жауап қайтарды. Бұл тәсіл азаматтардың мәселесін ұзаққа созбай, жедел шешуге мүмкіндік берді. Мәселен, бірқатар тұрғындардың инфрақұрылымға қатысты өтініштері бойынша сол жерде жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді. Мұрат Жолдыхожаев қабылдауға келген әр тұрғынмен жеке сөйлесіп, олардың мәселесін нақты деректер негізінде қарастырды. Ол партияның басты мақсаты – халықтың сенімін ақтау, азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асып, әділ шешім қабылдауға ықпал ету екенін атап өтті. Партия филиалы төрағасы азаматтардың өтініштерін тек қабылдап қана қоймай, оның орындалу барысы партиялық бақылауда болатынын да қадап айтты. Айта кету керек, «Құқықтық көмек» жобасы – «AMANAT» партиясының ең маңызды әлеуметтік бастамаларының бірі. Бұл жоба азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың заңдық тұрғыда қорғалуына бағытталған. Көп жағдайда халық заң нормаларын толық білмегендіктен, өз мүддесін қорғауда қиындықтарға тап болып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, партияның мұндай қоғамдық қабылдаулары азаматтарға өз құқықтарын түсінуге және әділ шешімге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында кейбір өтініштер бірден шешімін тапса, күрделі сипаттағы мәселелер арнайы хаттамаға енгізілді. Олар бойынша қосымша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі партияның бақылауында болады. Бұл – әрбір өтініштің нақты нәтиже беруін қамтамасыз ететін жүйелі тәсіл. Мұрат Жолдыхожаевтың айтуынша, тұрғындармен осындай форматтағы кездесулер тұрақты түрде жалғасады. Партия азаматтардың өзекті мәселелерін тыңдауға және шешуге әрдайым дайын. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімді диалогты нығайтудың ең тиімді жолдарының бірі. Жалпы, «AMANAT» партиясы соңғы жылдары қоғамдық қабылдау мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Партияның барлық деңгейдегі филиалдарында өтетін мұндай қабылдаулар азаматтардың нақты проблемаларына назар аударып, шешім қабылдау процесін жеделдетіп отыр. Әрбір кездесу – тұрғындардың үні естілетін, әділдік пен жауапкершілік салтанат құратын алаңға айналған.