Берікбай және оның мектебі

263
0

Сш 83«Мектеп кеме, білім-теңіз» дейді. Білімді ұрпақ ел тірегі, ал осы орайда оны білім нәрімен сусындататын мектепке артылатын міндеттің салмағы тіптен ауыр. Мектеп – шәкіртті «тарыдай болып кірген кезінен, таудай болып шыққанша ғана» білім беріп, тәрбиелемейді, оның өмірлік ұстанымын,  адамдық болмысын қалыптастырады. Жас кезде берілген әрбір тәрбиенің баланың қалыптасып, дамып жетілуіндегі орны ерекше. Бұған кезінде атақты педогогтар Сухомлинскии, Марченко баса көңіл бөлген. Сол себепті мектеп ұрпақ санасында өзінің естен кетпес естеліктерімен қалуы керек.

Бұл мәселе бүгінгі тәуелсіз елімізде қалай шешілуде деген ой келеді оқтын-оқтын санаға. Санадағы тұманды сейілту мақсатында Шымкент қаласындағы №83 жалпы орта мектебінің тыныс-тіршілігімен танысуды жөн санадық. Сөйтіп жолга шықтық. Бізді мектеп директоры ақкөңіл азамат Берікбай Микеев қарсы алды. Оның айтуынша, қаланың сырт жағындағы Абай ауданына қарасты Қайнарбұлақ елді мекенінде орналасқан бұл мектептің құрылысы 2007 жылдың желтоқсан айында аяқталып, 2008 жылдың қаңтарында пайдалануға беріліпті. Бұл- осы елдімекенде тұрып жатқан жұртшылық үшін естен кетпес үлкен қуаныш болған. Себебі оған дейін мұнда мектеп болмаған. Мектептің жоқтығынан балалары қала орталығындағы мектептерге қатынап оқитын.
500 орынға лайықталып салынған мектепке бір дегеннен1800 оқушы құжат өткізгендіктен, алғашқы жылдары сабақ үш ауысымда оқытылған. Бұл қиындық «жаста болса, бас болып» мектеп басшысы болып тағайындалған Берікбай ағамыздың талапшылдығы мен құзырлы органдарга жағдайды дер кезінде түсіндіре білуінің арқасында, жұртшылықтың сұранысына орай мектеп жанынан 600 орындық қосалқы ғимарат бой көтеріп, мәселе оң шешіліпті. Қазіргі таңда мұнда 3000-ға жуық шәкірт білім алып, 254 мұғалім жұмыс істейді.
Бой көтеріп, жұмыс істей бастағанына көп бола қоймаған мектепте «балаға білгенін үйретуден жалыкпайтын» ұлағатты ұстаздардын топтасқаны көрініп-ақ тұр. Бұл орайда, Бекең: «Менің пікірімше, мұғалім әрдайым өткізетін сабағына үлкен дайындықпен келуі керек. Сонда сабақ өз дәрежесінде өтеді және шәкірттің білімге қызығушылығын оятады. Ұрпақ алдындағы жауапкершілігін жан-тәнімен түйсініп, сонын жолында мандай терін аямайтын, шәкірт жүрегіне сәуле құя алар, білімді, білікті, өнегелі, мәдениетті мұғалімді қолымнан келгенше қолдаймын, көмегімді аямаймын. Ондай ұстаз қай мектептің болмасын, соғып тұрған жүрегі. Сондықтан ондай жанға құрметім, туған анама деген құрметіммен пара-пар»-деді. Шынында мұндағы ұстаздар аз ғана уақыт ішінде біраз белестерді бағындырып үлгеріпті. Мәселен, өткен жылы Кентау каласында өткен облыстық өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген «Менің тілім-қазақ тілі» байқауында осы мектептің мұғалімі Ғаффарова бас жүлдені иемденген. Одан бөлек, мектеп басшылығы ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында облыстық Білім басқармасының «Білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау» орталығына тоқсан сайын мұғалімдерін жіберіп, олардың білімін пысықтап отыруына жағдай жасайды. Бұдан да бөлек, мемлекеттік бағдарламалар аясында мұғалімдердің Астана, Алматы қалаларына барып, білімін жетілдіруі жолға қойылған.
Мектеп директоры Берікбай Микеев те халықтың қалаулы азаматтарының бірі, «Нұр Отан»ХДП-ның мүшесі, «Самал» бастауыш партия ұйымының төрағасы. Әрдайым игі істердің қасынан табылатын Берікбай ағаны партияның облыстық филиалы 2010 жылы Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы мерекесіне орай  III дәрежелі дипломмен және «Алғыс хатпен» марапаттады. 2001 жылы Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерекесінде қала әкімі Б.Жылқышиевтің «Алғыс хатын», 2008 жылы облыстық білім басқармасының «Алғыс хатын» және Шымкент қалалық білім бөлімінің «Мақтау грамотасын», 2009 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасын» иеленген. Балалар үшін күндіз күлкісін, түнде ұйқысын бөліп, шапқылап жүретін Берікбай Елтайұлы басшылыққа келген күннен бастап, елдімекендегі жұртшылықтың көңілінен шыққан. Мектепте оның бастамасымен әртүрлі қайырымдылық акциялары өткізіліп тұрады. Оның ішіндегі ауыз толтырып айтарлығы, әр жылы өткізілетін «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясы көптеген күрмеулі мәселелерді шешуге септігін тигізіп келеді. Мектепте шәкірттер бойына патриоттық сезімді ұялатып, Отанын сүйетін елжанды азамат болып қалыптасуына ықпал ету мақсатында  өткізілген «Отанды сүю-имандылықтан басталады» тақырыбындағы облыстық семинардың бастамашысы да мектеп директоры екен. Әңгіме арасында біз Берікбай ағаның өмірлік жолдасы, қазақтың біртуар ақын қыздарының бірі, айтыс алаңында облыс даңқын аспандатып, оңтүстіктің ақындық мектебінің мерейін өсіріп, абыройын аспандатқан айтыскер Маржан Есжанова екенін білдік. Киелі сөз өнерінің самалын жұтып, айтыста өзіндік қолтанбасын қалдырған Маржан апай мен Берікбай ағаның екі қыз, үш ұлы бар.  Бекеңнің анасы көп балалы Батыр ана, Алтын алқа иегері, 82 жастағы   әже олардың әрдайым ақыл айтар, кеңес берер ақылшысы екен. Ақылы асқан ананың қолындағы келіні Маржан ақын да ұлттық салт-дәстүрді, әдеп-ғұрыпты ұстанған текті әулеттің қызы екендігін көпшілік жақсы біледі. Ұлттық менталитетімізге тән жомарттық, елжандылық, бауырмашылдық секілді қасиеттер бойынан табылатын Берікбай аға асыл жарымен мақтанып қоюды ұмытпады.
Сананы тіміскілеген күдікті ойымыз құшақ жая қарсы алған мектеп директорының қарапайымдылығы мен ашық-жарқын әңгімесінен соң, басшыға тән орынды талапшылдығын, шәкірттер мен ұстаздардың білімге деген ынта-ықыласын, өмірге деген сүйіспеншілігін көргенде сейіліп кеткендей болды. Ішімізден «Шіркін, мектеп директорларының бәрі Берікбай ағадай болсыншы» деп тіледік.

Ж. ДӘРМЕН