Санаға серпіліс қажет

420
0

наз«Елу жылда ел жаңа» деген сөзді бабаларымыз текке айтпаған. Елу жылдың ішінде бір буын толық алмасып, қоғамның бет-бейнесі елеулі өзгеріске түседі.Біз өмір сүріп жатқан ақпараттық технологиялар ғасырында бұл өлшеміңіздің өзі өркениетті дамудың тақиясына тар келіп қалуы мүмкін. Оның себептерін саралап жатудың қажеті жоқ шығар.

Бірнеше ғасырлар бойы бодандықтың бодауына шырмалып, еркіндігінің екі тізгін, бір шылбыры уысынан шығып кеткен, екіұдай күй кешіп, өркениет көшінен кешеуілдеп қалған, күні кеше ғана егемендігін емірене қарсы алған қазақ елі үшін жаңарудың маңызы ерен. Сондықтан Елбасымыздың қай Жолдауын оқып қарасаңыз да «жаңа» деген сөзді көп кездестіресіз. Әсіресе, көшбасшымыздың «Российская газетаның» 2009 жылғы 2 ақпандағы нөмірінде жарық көрген «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаласында қазіргі әлемде орын алып отырған негізгі экономикалық құбылысқа, соның ішінде соңғы экономикалық дағдарыстардың туындау себептеріне терең талдау жасай келе; «Бұл, бәлкім, біз бүгінгі әлемге, сол секілді болашақ жаңа әлемге бұрынғыша ескі ойлау құралдарының оптикасы арқылы қарайтындығымыздан орын алған болар. Бірақ та түбегейлі жаңаруды бастау үшін бізге бүкіл ойлау жүйемізді жаңарту керек»,- дегені санамызда шегеленіп қалыпты. Мақаламыздың жазылуына да осы жағдай түрткі болды.
Иә, біз бәрін жаңадан бастаған елміз. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан жаңарған әлемге қадам басты. Кенеуі кеткен кеңестік жүйенің орнына бүгінгі өркениетке өріс ашқан нарықтық қатынастар келді.Алғашқы қауымдық құрылыстан кейін Кеңес өкіметінің арқасында екінші рет ортақ меншіктің дәмін татқан ел алғашқыда жекешелендіру дегеніңізге жатырқай қарағаны рас. Ілкіде еркіндіктен басымыз біраз айналғанымен, көп өтпей нарықтың парқын пайымдай бастадық. 21 жылда нендей жетістіктерге жеткеніміз жалпыға мәлім. 1997 жылы Елбасы халқына ұсынған «Қазақстан -2030» стратегиясы қысқа мерзімде сәтті жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда елімізде алғашқы стратегияда көзделген мемлекеттік жүйе құрылып, іргесі бекіді. Толыққанды экономикалық жүйе қалыптасты. Әлеуметтік саланы заман талабына сай қайта жаңғыртып жатырмыз. Тұрмыс деңгейі бойынша әлем елдерінің бел ортасына шықтық.
Ел ертеңін көрегендікпен болжай білген, халқын дұрыс жолға бастап, заман талабына сай қоғам құра білген Елбасымыз мемлекет қайраткері ретінде әлемге танылды.
Ал, 2012 жылдың 14 ақпанында Қазақстан халқына ұсынылған «Қазақстан-2050» стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдаудың негізгі мақсаты- ХХІ ғасырда қазақ елінің орнықты дамуын жалғастыру, осы ғасыр ортасында әлемдегі ең дамыған 30 елдің санатына қосылу. Жолдау біздің болашақ табыстарымыздың, үстіміздегі ғасырдың ұзақ жолының бағдары, жолбасшысы болмақ.
«Мәңгілік ел»  болудың мән-жайы мәністелген осы Жолдауында Елбасы «Жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасау» идеясын алға тартады. Біз мақаламызда осы идея және «мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі» дейтін тұжырымдар төңірегінде ой сабақтап көрмекпіз.
Біздің пайымдауымызша, «жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасау» дегеніңіз қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан өзіне ғана тән ұлттық болмыс бітімімен, ерекшеліктерінен баз кешу, өзге елдерге еліктеп, басқа бір болмыстық сапаға өтуі қажет деген сөз емес. «Ұлттық құндылық» дегеніңіз әрбір адамның қасиет тұтып қастерлейтін, өмірінің мәнін айқындайтын қағидасы, көздің қарашығындай сақтайтын жәдігері, әр халықтың  өткені мен бүгіні, ертеңіне сәуле түсіріп, жарық шашып тұратын ұлттық ұстанымдары, рухани қазынасы, бітім –болмысын айқындайтын атамұра қасиеттері. Бұл өте кең ауқымды ұғым. Әрбір ұлт өзінің рухани, мәдени, тарихи, адамгершілік, тектік, танымдық, отбасылық, туыстық, салт- дәстүрлік, т.б. құндылықтарымен ерекшеленеді. Мәселен, шежіре қазақтың тарихы әрі тектік құндылығына жатады   «Жеті атасын білмеген-жетесіз» дейді қазақ. Арғы тарихыңды біл, тым құрығанда жеті атаңа дейін танып, қаныңның тазалығына, ұрпағыңның тектілігіне мән беруге тиістісің деген сөз бұл.Ал, ата-әженің ұлағаты, әке-шешенің үлгі-өнегесі, бауырлардың бір-біріне деген мейірім-қайырымы, ел-жұрты алдындағы азаматтық парызын пайымдауы, әулеттің атына кір келтірмеу арқылы үлкен Отанның қадір-қасиетін танып білуі, «атаның ұлы емес, адамның ұлы» болып қалыптасуы-бұл отбасылық құндылықтарға жатады. Айтыс, қара домбырамыз, эпостық жыр-дастандарымыз, т.б. мәдени құндылықтарымызға жатады. Қазақтың кең пейілі, жан жомарттығы, қонақжайлылығы да оның ұлттық құндылығына айналған. Бұлар халықпен мыңжылдықтар бойы бірге жасап, санасына сіңген, жазылмаған заңы мен қасиетті жәдігеріне айналған, келер замандарда да солай болып қалуға тиіс, мың жерден жахандансақ та, 30 емес, 10 дамыған елдің қатарынан табылсақ та ұялмай көрсететін, мақтануға тұрарлық құндылықтар болып қала береді.
Ал, жолдан қосылған жолбике дәстүрлерге келсек, бұлар бодандықпен бірге келген немесе еуропалықтарға еліктеу арқылы енген кейбір дәстүрлер ешқашан жалпыұлттық сипат алып,тұрақтап қала алмайды. Мұның барлығы уақытша қызықталып, кейін ұмытылып кетеді. Бірақ, бізге баз кешуіміз керек болғанда біраз әдеттеріміз бар сияқты. Экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдин «Айқын» газетінің тілшісіне берген сұхбатында былай депті: «Ешқашан да экономикасы озық, тұрмысы жақсы, өзі масыл ұлт болған емес. Қазақстандықтар қалай болғанда да 2050 жылға қарай толығымен танымастай жаңа сана-сезіммен өмір сүретін болады. Ұлттық құндылықтар дейтіннің «керегі» қалып, «кедергісі» кетеді. Дарақылығымыз да, тойшылдығымыз да көп ұзамай көш соңында қалатын «ескі-құсқылар». Оның орнына ойшылдығымыз қайта оралады. Себебі, біз- Әбу Әли ибн Сина, Әбу Насыр Әл-Фараби заманында бүкіладамзаттық ғылымды байытқан түркілердің тамырынан нәр алған ұлтпыз. Ғылым орбитасындағы сол бір шарықтаған кезеңіміз қайта келеді».
Бұл сөздегі тастай қисынға тән бермеске лажымыз жоқ. Жолдауда Елбасы енді тәуелсіздік жылдарындағы екінші ұрпақ дүниеге келе бастайтынын айтты. Шынында да, Тәуелсіздіктің құрдастары дәл биыл 22 жаста. Бұл жоғары оқу орындарын аяқтап, отау иесі болатын жас. Тағы бір 10 жылдан соң олар өмірдегі өз орындарына берік орнығып, тәжірибе жинақтап, алды билікке келе бастайды. Демек, 2050 жылғы елдің сипаты осы буынның қалай қалыптасқандығына байланысты болмақ. Бұдан бүгінгі жас буын біздің қатысуымызсыз-ақ заманның ағымымен жетіліп, өзінен-өзі жаңа сипаттағы ұлттық құндылықтарымызды мүсіндеп, руханиятымыздың кемесін жахандану атты мұхиттың қайраңдарына қайырлатпай, ұлы елдік мұраттарымыздың жағалауына жеткізеді деген бейғам пиғыл белең алмауы тиіс, әрине.
Нарықтық эко-номиканың заңдылықтары бүгіннің өзінде бізді бірте бірте прагматизмге бейімдеуде. Жоғарыдағы ғалым айтқан «ескі-құсқылар» кейінгі ұрпаққа жат боларына сөз жоқ. Дегенмен, біздің қатысуымызсыз ұлт келешегіне қауіп төндірер анық бір нәрсе бар. Оны Елбасымыз өз Жолдауында былай жеткізеді: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік ел боламыз…. Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары- ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын». Елдің өркениетті өмірге бейімделу үрдісі қазақ дейтін халықты халық еткен, дүниеге тамырында осы халықтың қаны ағып тұрған, қанша ұрпақ келсе де ескірмеуге, «ескі-құсқыға» айналмауға тиіс негізгі ұлттық құндылықтарымызға тамыр жібермейтін болса, онда Тәуелсіздігіміздің де, біздің де, жүрек тілімен сөйлетіп отырған ұлы мұраттардың да көк тиындық құны жоқ. Жолдаудың «Жаңа қазақстандық патриотизм-біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» атты жетінші бөлімінде орындалуы тиіс «Мәңгілік ел» болуымызға кепіл болатын алты алғышартты тізбелеп бергенде Елбасымыз осыны назарда устағаны анық және сол алғышарттар жаңа жалпыұлттық құндылықтарға негіз қалайды. Бұл құндылықтар «Қазақстан патриотизмінің іргетасы- барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігін» айқындайды
Нарықтық қоғамда өмір сүретін бірде-бір елде мемлекет ұлттық тәрбиеге араласпайды екен. Жалпы, капитализм дейтін қоғамда «ұлттық идеология» жоқ, мұның бәрін әр отбасы өз мойындарына алған көрінеді. Бізде «ұлттық идеология» жүрегіміз деп ешкім де айтпайды. Бірақ, «ұлттық» деген сөз «мемлекеттік» дегенді де білдіреді ғой. «Ұлттық университет», «ұлттық қор» дегендей. Бұл ол жерде тек қазақ оқиды, немесе қазақтың ақшасы жиналады дегенді білдірмейді. Ал, идеологиясыз мемлекет болмайды. Мәселен, біз атап өткен Жолдаудың 7-ші бөлімінде Елбасы; «Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы» дейді. Міне, басты міндет айқын, ал енді оны жүзеге асыру жолындағы барлық іс-әрекеттердің жиынтығы «идеология» деп аталса керек-ті. Бізге бұл ұғымды жексұрын етіп көрсетіп жүрген кеңестік кезеңнен санамызға орнығып қалған жалаң ұраншылдыққа деген сенімсіздік. Келешекке деген сенім жақсы, бірақ сол сенім нақты іс-әрекеттерге, ортақ мүддеге деген адалдыққа негізделмесе, халық бет алған бағытына күмәнмен қарай бастайды. Бүгін сол сенімге селкеу түспеуі үшін де санамызға тың серпіліс жасап, жаңа жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыруымыз, оларды жастардың санасына сіңісті етуіміз маңызды. Бүкіл қоғам, мемлекеттік идеология осыған жұмыс істеуі керек.
Әрине, біз ұлы мәртебелі Сөзді қасиет тұтқан, Сөзге тоқтаған халықпыз. Дегенмен, «мың жерден алуа деп айтқанмен, ауыз тұшымайды» деген сөз де бар. «Дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз» деп айқайлау оңай, бірақ Жолдауды оқып шыққан, әрбір саналы азамат ол үшін алда әлі қыруар іс атқарылуы қажет екендігін, мықты экономикаға сананы, зияткерлік деңгейді де лайықтау қажеттігін түсінеді. Сондықтан да Елбасымыз: «Дамушы елдер арасында осы клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жахандық экономикалық тайталасқа дайын болуы тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден еш кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз» дейді.
Кейбіреулердің «капитализмде «ұлттық идеология» жоқ дейтіні, бүгінгі дамыған елдерде «біз ұлы халықпыз, біздің бабаларымыз батыр, ұлы болған, даңқты тарихымыз бар» дейтін бос мақтанға жақын сөздер айтыла бермейтіндігінен болса керек. «Бос мақтан» дейтініміз, мың жерден «ұлы Абай, ұлы Фараби» деп қайталағанмен, солардың бір еңбегін не шығармасын зерделеп оқымайтынымыз бар. «Біздің бабамыз батыр болған» дейтіндердің бойынан ірілікті, нағыз қазаққа тән қасиеттің бір мысқалын да таба алмайтынымыз бар. Бабасына жете не өте тумағандар бабасымен мақтануға бейім. Ал, бабасын терең танығандар сөз емес, іс жүзінде солардың даңқына лайық болуға тырысады. Осы жерде ұлы бабамыз Әмір Темір айтты деген мына бір сөз еске түседі: «Егер біздің ұлылығымызға күмәніңіз болса, біз тұрғызған шахарларға көз салыңыздар». Көрдіңіз бе, дамыған елдер бабамыздың дәл осы өсиетке татырлық аталы сөзін өмірлік ұстанымдарына өзек етіп, тірлігінің тірегіне айналдырған сияқты. Елбасымызды жаңа Астана салды, экономикалық жағдайдың қиын кезеңінде сол бізге керек пе еді деп күстәналайтындар аз емес. Бүгін ол да біздің ұлттық құндылығымызға айналды ғой.
Дамыған елдерге жолыңыз түссе, алғаш басқан қадамыңыздан ешқандай даңғаза ұрандарсыз-ақ айналаңыздағы атмосфера мен жинақылықтан, тәртіп пен мәдениеттен, өзге де көз сүйсінтер көріністерден сол халықтың шын мәніндегі ұлылығы мен парасат пайымының тереңдігін біле бастайсыз. Шын сүйген адам ешқашан «сүйемін» деп айқайламайды, сезімін іс әрекетімен дәлелдейді.
Елбасымыздың: «Біздің ең басты құндылығымыз-Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан!» деген сөзі еске түседі. Осы басты құндылықтың бәсін білген азамат қана содан туындайтын өзге құндылықтардың, яғни қазақ дейтін ұлттың, оның тарихының, тілінің, ділінің, дінінің, ел бірлігінің, бейбітшіліктің, жасампаз еңбектің, әрбір қарапайым отандасының, өзге де өркениетке тән өрелі таным, ізгі үрдістердің қадіріне жетеді.
Осы құндылықтардан мақұрымдықтың ең жабайы көрінісі- жемқорлық. Тіпті, оны қоғамның ең негізгі дерті, жұлынқұрты деуге болады. Жолдауда айтылған мына бір сөзге назар аударыңыз: «Мемлекет пен қоғамда  жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық-жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінететін және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біздің түпкі мақсатымыз- жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек».
Жасампаз еңбекке деген құлшынысты жалпыұлттық құндылыққа айналдыру керек деген сөзді халық қуана құптады. Біздің ойымызша, «жемқорлық» дейтін құбылысты халқымыздың санасында ежелден қалыптасқан жат, «ұят, күнә» деген ұғымдардың деңгейіне көтеріп, онымен күресті де еңбекқорлық сияқты қасиетті құндылығымызға айналдыра алсақ, Жолдаудағы міндеттердің тең жартысы орындалды деп есептеуге болады. Әйтпесе, халықтың несібесіне көз тігіп, мемлекеттің қазынасына қол салып, жемқорлықтан келген байлықпен желкесін күдірейтіп жүргендерді көргенде желкілдеп кетіп, елпілдеп қолын алғысы келіп тұратын, соларды балаларына үлгі етіп, ана оқуды бітірсең, солар сияқты майлы жіліктің басын ұстайсың, байлыққа кенелесің деп тәрбиелейтіндер аз емес. Абайдың «Интернатта оқып жүр» деп аталатын өлеңінің жазылуына түрткі болған мәселе бүгін де өз актуальдылығын жойған жоқ. С. Торайғыровтың «Бір адамға» атты өлеңіндегі сияқты, азаматтарымыз сондайларды көргенде «мойнында нақақ көзден жас бар ма» дегендей күмәнмен қараса, немесе ұрыға, жезөкшеге қарағандай жиіркеніш танытса ғана қоғамда оң өзгерістер орын алары хақ.
Кеңестік кезеңде «Все решают кадры» («Бәрін кадрлар шешеді») дейтін аксиомаға бергісіз әдемі ұстаным бар еді. Біздің ойымызша, қай заман, қай қоғам үшін де осы ұстаным өз қадір-қасиетін жоғалтпайды. Президент саясатын жүзеге асыруға, алға қойылған стратегиялық міндеттердің орындалуына жауапты ең алдымен өздерін «Елбасының жергілікті жерлердегі өкілдеріміз»  деп айтуды жақсы көретін ауыл, аудан әкімдерінен бастап барлық деңгейдегі басшылар, министрлер, Парламент депутаттары ойлаулары тиіс. Солардың жаңа заманның жаңа талаптарына, ұлттық құндылықтарымызға қай дәрежеде адалдығына көп нәрсе байланысты. Сондықтан кадр тәрбиесі, басқару тетіктерін басты құндылығымызды өмірінің мәні деп санайтын азаматтардың ұстауы басты назарда және тұрақты бақылауда болуы шарт. Ы. Алтынсариннің «Жақсы ұстаз-мектептің жүрегі» дегеніндей, «жақсы басшы-елдің жүрегі» дейтін ұстаным басымдық алса, кәнеки.
Шынайы әділдік салтанат құрған, азаматтары бір-бірін «әр қазақ-менің жалғызым» деп ардақтайтын, ынтымақ бірлігі жарасқан, мемлекетшілдік, білім, парасат және еңбекқорлық ұлт құндылығына айналған, жерінің асты да, үсті де байлыққа тұнып тұрған, кім-кім де қызығушылықпен қарайтын мәдени, рухани мұрасы бар елдің еңсермес биігі, алмас асуы болмайды.

Қайрат  БАЛАБИЕВ,
заң ғылымдарының докторы, саясаттанушы.