ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР ҚОҒАМДЫҚ АККРЕДИТТЕУДЕН ӨТУДЕ

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2018 жылғы 20 қарашадағы шешімімен Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеу ережесі бекітілген болатын. Ол 2021 жылғы 22 қарашада қайта жаңартылды. Осы ережеге сәйкес Шымкент қаласы бойынша республикалық этномәдени бірлестіктердің филиалдары мен жергілікті этномәдени бірлестіктер қоғамдық аккредиттеуден өтуде.
Айта кету керек, қазіргі кезде Шымкент қаласында 17 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. 2019 және 2022 жылдары аралығында 15 этномәдени бірлестік қоғамдық аккредиттеуден өткен. 9 қыркүйек күні аккредиттеу комиссиясында 6 этномәдени бірлестіктердің (корей, грузин, армян, еврей, грек, шешен-ингуш) өтініштері қаралып, олар комиссия шешімімен аккредитациядан өткізілді. Жалпы Қоғамдық аккредиттеу- этномәдени бірлестіктер, олардың филиалдары және құрылымдық бөлімшелерінің қызмет ету деңгейінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ҚР заңының белгілі бір өлшемдері мен талаптарына сәйкестігін айқындайды.
Айта кету керек, жуырда ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында шаһардағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездескен  осылай деді. Марат Алмасұлы Шымкент қалалық «Достық үйі» ғимаратында қалалық этномәдени бірлестіктерімен, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлерімен кездесіп, этносаралық қатынастар саласындағы бірлесе атқаратын жұмыстарды белгілеп, өзекті мәселелерді талқыға салды. Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ассамблея төрағасының орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Жиында қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Р.Пактың, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асановтың және татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы А.Мухамедованың хабарламалары тыңдалып, Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Айта кету керек, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 17 этномәдени бірлестік қызмет атқарып жатыр. Ал, олардың жанында 21 шығармашылық ұйым мен 3 жексенбілік мектеп жұмыс істейді.