ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ – ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІНІ МЕН ТҰРАҚТЫ ӨСУІНІҢ КЕПІЛІ

Түркістан облысында 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы талқыланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Бұл жоспар облыс экономикасының сапалы өсуін қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық құжат болып табылады. Жиын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өтті. Мәжіліске облыстық басқарма басшылары, департамент жетекшілері және тиісті сала мамандары қатысты. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі индикаторлардың орындалу деңгейі қаралды.

2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары 5 бағыттан, 27 ұлттық индикатордан, 18 нысаналы индикатор мен 77 нәтижелі көрсеткіштен тұрады. Бұл көрсеткіштер облыстың барлық әлеуметтік және экономикалық салаларын қамтиды. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, туризм, инвестиция тарту, инфрақұрылым және қоғамдық қауіпсіздік бағыттары бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков баяндамасында жоспардың маңыздылығына тоқталып, оның орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. «Түркістан облысының алдағы бес жылға арналған даму жоспарын қалыптастыру барысында әрбір сала нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Салалық басқармалар мен департаменттер өз қызметін тиісті министрліктермен үйлестіріп, бекітілген индикаторларға жету үшін нақты іс-шаралар жоспарын ұсынуы қажет. Өңірдің даму жоспары – Түркістанның әлеуметтік және экономикалық келешегін айқындайтын маңызды құжат. Сондықтан жауапкершілікті арттырып, көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуіміз керек» деді Талғат Қозбеков. Ол сонымен қатар жыл соңына дейін бекітілген индикаторларға толық қол жеткізуге барлық мүмкіндік бар екенін айтып, салалық басшыларға кемшіліктерге жол бермеу туралы тапсырма жүктеді.

Мәжіліс барысында Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек сөз алып, биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша даму жоспарының орындалу нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, мониторинг нәтижесінде бірқатар салада оң өсім байқалғанымен, кей бағыттарда шешуді қажет ететін мәселелер бар. «Даму жоспарының орындалуы бойынша 8 айдың қорытындысы негізінде барлық көрсеткіштер тұрақты бақылауда. Дегенмен денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, туризм салаларында және кейбір департаменттердің жұмысында өзекті мәселелер анықталды. Бұл бағыттар бойынша нақты тапсырмалар беріліп, шешу жолдары ұсынылды» деді басқарма басшысы. Жиында сондай-ақ Түркістан облысының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарын қалыптастыру мәселесі де қаралды. Бұл жаңа кезең аймақтың ұзақ мерзімді даму стратегиясын жалғастырып, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталмақ. Жоспардың жобасында инвестициялық әлеуетті арттыруға ерекше мән берілген. Атап айтқанда, даму жоспары нысаналы индикаторлардың декомпозициясын нақтылайтын инвестициялық жоспармен толықтырылған. Инвестициялық жоспардың құрамында басым және проблемалық аймақтардың картасы қамтылған. SWOT-талдау негізінде әзірленген бұл карта өңірдің күшті және әлсіз жақтарын, даму мүмкіндіктерін және ықтимал қауіптерді айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар карта арқылы нақты салалар бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өзекті мәселелерді шешу жолдары көрсетіледі.

Мәжіліс барысында өңірдің даму қарқынын арттыру мақсатында жаңа жобаларды жүзеге асыру, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану және инвестициялық ахуалды жақсарту қажеттігі де сөз болды. Қатысушылар облыстың стратегиялық даму құжаттары ел Президентінің тапсырмаларына және ұлттық басымдықтарға толық сәйкес келуі тиіс екенін атап өтті. Талғат Қозбеков мәжіліс соңында барлық жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын хаттамаға енгізуді тапсырды. Ол тапсырмалардың уақтылы және сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын ескертті. «Даму жоспарының табысты жүзеге асуы – әрбір басқарманың және аудан әкімдіктерінің үйлесімді жұмысына байланысты. Сондықтан әр көрсеткіштің артында нақты нәтиже мен халықтың өмір сүру сапасы тұрғанын естен шығармауымыз қажет. Облыстың әрбір тұрғыны даму жоспарының игілігін көруі тиіс» деді ол қорытынды сөзінде. Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің экономикалық дамуы бойынша жетекші өңірлердің біріне айналды. Инфрақұрылымның жаңаруы, өндірістің дамуы, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялардың енгізілуі мен инвестицияның көбеюі – осы жоспардың нақты нәтижесі.