ЖАС ҰРПАҚТЫҢ БОЙЫНДА ОТАНСҮЙГІШТІК РУХТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН ШАРА ӨТТІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №59 жалпы орта білім беретін мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «25 қазан – Республика күні» мерекесіне орай 6 «А» сыныбында «Қыран елім – Қазақстан» атты ашық тәрбие сағаты өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас буынның бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, өз елінің тарихын, мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге және ұлттық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу болды.
Тәрбие сағаты барысында оқушылар Қазақстанның Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы тарихи кезеңдерімен танысып, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы білімдерін толықтырды. Балалар ел тарихының маңызды оқиғалары мен тәуелсіз мемлекеттің дамуына үлес қосқан тұлғалар жөнінде әсерлі әңгімелер тыңдап, өз ойларымен бөлісті. Іс-шараның мазмұны оқушылардың отаншылдық сезімін күшейтіп, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға бағытталды. «Қыран елім – Қазақстан» атты ашық сабақта 6 «А» сыныбының оқушылары өлеңдер оқып, көріністер қойды және Республика күніне арналған тақпақтар мен әндер орындады. Әсіресе, оқушылардың өз қолдарымен жасаған мемлекеттік рәміздерге арналған шығармашылық бұрыштары мен суреттер көрмесі ерекше әсер қалдырды. Бұл балалардың елге деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық қабілеттерін ұштастыра білуінің жарқын көрінісі болды. Сабақ барысында мұғалім балаларға Отанға деген сүйіспеншіліктің ең алдымен өз мектебіне, туған жеріне, отбасына деген құрметтен басталатынын түсіндірді. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының басты ұстанымдарының бірі – ұлттық сана мен рухани құндылықтарды дәріптеу. Осы мақсатта өткізілген әрбір шара оқушылардың елжандылық сезімін оятып, өз елінің адал азаматы болуға тәрбиелеуге бағытталды.
Іс-шарада «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы құндылықтар – адалдық, еңбексүйгіштік, әділдік және жауапкершілік идеялары да кеңінен қамтылды. Оқушылар бұл қасиеттердің әрбір адамның өміріндегі және қоғамның дамуы үшін маңызын талқылап, өз өмірлік ұстанымдарымен бөлісті. Мектеп әкімшілігі мұндай тәрбиелік іс-шаралардың оқушылардың азаматтық және рухани дамуына зор ықпал ететінін атап өтті. Республика күні – еліміздің бірлігі мен тәуелсіздігін ұлықтайтын мереке, ал жас ұрпақтың бұл мерекенің мәнін терең түсінуі олардың болашақта өз елінің нағыз патриоты болып қалыптасуына негіз болмақ. Ашық тәрбие сағаты жылы жүзді пікірталаспен, әсерлі әндермен және рухты көтерген ұрандармен аяқталды. Қатысушылар өз Отанына деген сүйіспеншілігін жүрекжарды сөздермен білдіріп, «Мен – Адал азаматпын!» атты ұранмен сабақты қорытындылады. Мұндай іс-шаралар жас буынды елін сүйетін, рухы биік, ұлттық болмысын қадірлей білетін азамат етіп тәрбиелеудің маңызды тетігі болып табылады. №59 мектеп ұжымы алдағы уақытта да «Адал азамат» бағдарламасы аясында патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.



